Бас жаңалықтар
Сенаторлар Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік жағдайымен танысты
19 Шілде 2019, 18:15 207

Сенаторлар Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік жағдайымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапармен жүрген Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Сырым ауданында болып, атаулы әлеуметтік көмекті жаңа үлгіде алып отырған аналармен кездесті.

Биыл ауданда атаулы әлеуметтік көмек жаңа үлгі бойынша 469 жанұяға тағайындалған. Кездесуде отбасылардың атынан сөз алған аналар мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді балалардың білім алуы, ауладағы өндіріс және тұрғын үй мәселелерін шешу жолында пайдаланып жатқандарын айтты, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

«Әлеуметтік көмекті қаржылай табыс деп емес, бақуатты өмірге жету жолындағы көмек деп түсіну керек. Қай мәселенің де әлеуметтік әрі құқықтық қыры болады. Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмекті алу барысында да құқықтық мәселелер орын алып жатқаны жасырын емес. Табысын жасыру, көмек тиесілі болуы үшін қасақана ажырасу секілді жайттар бізді қатты алаңдатады. Біз жанұяларда балаларды еңбекке баулуды өтінер едік. Мемлекет үшін ең қауіпті нәрсе – тәрбиеленбеген бала. Балалар ата-анасынан үкіметке арқа сүйей беруді, үнемі біреуден қолдау, демеу күтуді үйренбей, өз беттерімен адамдық жолына түсуді үйренсе екен», – деді сенатор Ерболат Мұқаев.

4.jpg

Сенаторлар ауыл ақсақалдарымен, шаруалармен және округ әкімдерімен жүздесті. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымовтың көтерген мәселесі тек Сырым ауданының ғана емес, елдегі барлық қарияларға ортақ болды. «1938 жылдан бастап туылған ардагерлерге шипажайда демалу мүмкіндігін қарастыру керек. Заңға өзгеріс енгізілсе деген ұсыныс айтамыз», - деді ол. Аудандық ардагерлер Кеңесінің мүшесі Сыдық Тажмұқан несиелерге дифференциация жасау, сонымен қатар жобалық сметалық құжаттаманың мерзімі өтіп кеткен жағдайда, жобаны кері жасақтамау үшін тек қана бағасына түзету енгізу қажеттігін ұсынды. Бұл мемлекеттің қаржысы мен уақытын үнемдеуге үлес болар еді деді ол. Сондай-ақ тұрғындардың суды үнемдеп пайдалану, су жүйесін жаңартуға қосымша қаражат бөлу, балық шаруашылығына бірыңғай несие беретін банк ашу қажеттілігі айтылды.

«Қазіргі таңда көптеген шаруа малды жеке тұрғындардан алады. Шаруа қожалықтарға мал алғанға Үкімет тарапынан субсидия төленеді. Осындай демеу қаржы жеке ауыл тұрғындарына да төленсе дейміз. Аудан аумағында орын алатын төтенше жағдайларға байланысты жақсы сапалы техника алып беру мүмкіндігін қарастыруды да сұраймыз. Асыл тұқымды мал басына бөлінетін субсидия төлеу мәселесі де назарларыңызда болсын», - деді кәсіпкер Ғанимат Нұрмұханов. Аудандық мәслихат депутаты Владимир Джумагалиев қыс мезгілінде жолды күтіп ұстау үшін шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасақталатынын, сол жұмысты жүргізуге бөлінетін қаржы толығымен алдын-ала аударылса деген ұсынысты айтты. В.Джумагалиев алдыңғы ұсыныстармен үндес «Жұмыссыз жүрген азаматтарға» арналған арнайы заң шығару, кәсіптік-техникалық білім алған жас мамандарды ауылға жұмысқа тартқан кезде 4-5 жылға келісімшартқа отырғызу мәселелерін де қозғады. Сенат депутаттарымен болған кездесуде сырымдықтар аудан орталығынан 300-400 балаға арналған гимназия салуға көмектесуді сұрады.

Кездесуден кейін сенаторлар Жымпитыда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған кәсіпкерлік жоба – «Эверест» супермаркетінде болып, сауда орталығының жұмысымен танысты. Сенат депутаттары супермаркеттегі бағаларға назар аударып, кәсіпкерлерге тауар бағалары тұрақты әрі қолжетімді болу керектігі туралы айтты.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық