Сенаторлар "Басқарудың жаңа технологиялары" орталығында болды

22 Қазан 2019, 23:00
2461
Бөлісу:
Сенаторлар "Басқарудың жаңа технологиялары" орталығында болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның Ресей Федерациясына ресми сапары басталды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты делегациясының сапары аясында Александров бағындағы Белгісіз солдат зиратына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Сенат төрағасы "Басқарудың жаңа технологиялары" орталығында болып, "Белсенді азамат", "Біздің қала" жобаларымен, мемлекеттік
электрондық қызметтермен және Мәскеу Үкіметінің краудсорсинг жобаларымен танысты.

Жобалар мемлекеттік органдардың қала тұрғындарымен кері байланысын жүзеге асыруға: азаматтардың шағымдары мен пікірлесуіне орай әрекет етуге; мэрия бағдарламаларына байланысты қала тұрғындарына сауалнама мен зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Онда қазіргі заманғы ерекше ІТ-технологиялар қолданылады, азаматтар кең таралған коммуникациялық қызметтердің (сайт немесе мобильді қосымша арқылы) көмегімен жобаны пайдалана алады. Мәселен, "Біздің қала" порталының регламентіне сәйкес проблемаларды жою мерзімі 8 күн болып отыр.

"Белсенді азамат" жобасы Мәскеуде 2014 жылдан бері жұмыс істейді және Мәскеу қаласының тұрғындарының өтініштерін жинақтау және ауқымды сауалнама жүргізу үшін мобильді қосымша әрі сайт түрінде қызмет көрсетіп келеді. Сауалнама тақырыптарында қала өмірінің барлық салалары: жаңа метро станциясының дизайнын әзірлеуден бастап мемлекеттік емхананың жұмыс кестесін ауыстырғанға дейін қамтылады. Сауал нәтижелері мәскеулік биліктің шешім қабылдау барысында ескеріледі.       

Жобаның жүзеге асуы қалалық проблемаларды талқылауға әлеуметтік  белсенді жас ұрпақты тартуға мүмкіндік берді. Жоба жұмыс істеген 5 жылда  ғана 2,4 миллион мәскеуліктер атсалысты.

Сенат басшысы "Біздің қала" порталы жұмыс істеген жылдары 3,7 миллион мәселенің шешімін табуы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін реттеу жүйесін жетілдірудегі мүмкіндіктер мен бағыттарды көрсетіп отырғанын атап өтті.

"Азаматтарды өз үйлеріне қызмет көрсету мен күтіп-ұстауды сандық тұрпатта бақылауға белсенді түрде тарту бүгінгі заманға сай, ыңғайлы әрі басқаруға тиімді. Мұндай әдістерді Парламентте жатқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылауда қарастыруға болады. Халықпен кері байланыс тәжірибесі қызықтырады. Ойланатын мәселе", - деді Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаева бүгін сондай-ақ Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде орналасқан Қазақ КСР ескі павильонының орнында бой көтерген "Қазақстан" павильонында болды.

Өзгелердің жаңалығы