Сенаторлар азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтетін заң жобасын қарайды

13 Қыркүйек 2021, 15:09
2996
Бөлісу:
Сенаторлар азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтетін заң жобасын қарайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2021 жылғы 16 қыркүйек күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Аталған құжат елімізде мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауды, олардың өмір сүру сапасын жақсартуды, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін арттыруды, зейнетақымен қамсыздандыруды, халықты жұмыспен қамтуды және әлеуметтік сақтандыру мәселелерін жетілдіруді көздейді.

Заң жобасында бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,40 мөлшерінде жәрдемақы енгізу және ерекше қажеттіліктері бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ құжатта жұмыссыздарды еңбек биржасында тіркеу, жұмыссыз мәртебесіне ие болу және тиісті жәрдемақы алу рәсімдерін жеңілдететін нормалар жазылған.

Сонымен қатар алдағы Палата отырысында Сенат депутаты Серікбай Трұмовтың ант беруі және оны Сенаттың тұрақты комитетінің құрамына сайлау туралы мәселе қаралады.

Одан бөлек, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы жұмыс үшін Сенаттың Аграрлық мәселелер табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне берілді.

 


Өзгелердің жаңалығы