Сенатор «Қазақстан-Армения» достық тобының жетекшісімен кездесті

22 Мамыр 2019, 18:26
1430
Бөлісу:
Сенатор «Қазақстан-Армения» достық тобының жетекшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев Армения Республикасы Ұлттық Жиналысындағы Аймақтық мәселелер және еуразиялық интеграция мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, «Қазақстан-Армения» достық тобының жетекшісі Вагаршак Акобянмен кездесу өткізді. Бұл туралы Сенатының Баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Кездесу барысында Ж.Нұрғалиев Қазақстан-Армения қарым-қатынасының дәстүрлі достық сипаты мен жоғары қарқынын атап өтті. «Қазақстанда тұратын этникалық армяндар біздің мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың маңызды байланыстырушы буыны болып табылады. Республикада жасалған жағдайдың арқасында біздің еліміздегі армян азаматтары өздерінің ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрін сақтап әрі қолдап келеді», - деді сенатор.
Ж.Нұрғалиев парламенттік достық топтарының әлеуетін пайдалана отырып армян парламентшілерімен сындарлы үнқатысуды жалғастыруды қолдайтынын айтты. 

В.Акобян өз кезегінде жылы шырайлы қабылдауға алғысын білдіріп, қазақстандық депутаттарды Арменияға сапарлап келуге шақырды. Ол екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі мүмкіндіктерді талқылау мақсатында екі ел парламентшілерінің тұрақты кездесулерін өткізіп тұруды ұсынды. 

Кездесу барысында сондай-ақ экономика және сауда, энергетика, ауыл шаруашылығы және туризм саласындағы мемлекетаралық кооперацияны одан әрі кеңейтудің келешегі талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы