Бас жаңалықтар
Сенатор терминологиялық комиссияның жұмысын жандандыру мәселесін көтерді
30 Қыркүйек 2021, 11:54 1909

Сенатор терминологиялық комиссияның жұмысын жандандыру мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы қазақ тілі терминологиялық комиссиясы жұмысының проблемаларын шешуді сұрады.

Депутаттық сауалында ол жүйелі түрде терминологиялық жұмыстармен айналысатын ғылыми-практикалық орталық құру қажеттігі туралы мәселені көтерді.

Сенатордың айтуынша, қазақ тілінің терминологиясын әзірлеу кәсіби біліктіліктің жоғары деңгейін талап етеді. Сондықтан бұл іспен шенеуніктер емес терминнің тілдік табиғатын терең білетін лингвист ғалымдар мен терминологиялық сөздіктер жасап, оқулықтар жазып, терминтанудың қолданбалы мәселелерімен тікелей айналысып жүрген нақты ғылымдар мен жаратылыстану саласының мамандарына тапсырған орынды екені аталып өтілді.

Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бұл саладағы комиссияға тіл саясатын жүргізуге жауапты министрліктің басшылары төраға болды. Комиссия құрамына Президент Әкімшілігі қызметкерлері, депутаттар, Парламенттің аударма бөлімінің меңгерушілері, Үкімет пен министрліктердің өкілдері, бас редакторлар енгізілді. Біздіңше, өздерінің лауазымдық міндеттері бар, жұмыстары басынан асатын әрі термин мәселесімен жүйелі түрде айналыспайтын мүшелер құрамына кірген комиссия терминологияның қыруар тірлігін мінсіз атқара алмайды. Бұл жағдай терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мәселесін қайта қарау қажеттігін айқын көрсетіп отыр, - деп атап өтті депутат.


Фото: дереккөз
Загрузка...