Сенатор Нұртөре Жүсіп күйініп кетті

22 Қазан 2020, 13:36
3502
Бөлісу:
Сенатор Нұртөре Жүсіп күйініп кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Нұртөре Жүсіп «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жинақталғанымен, оның эфирден берілмейтініне қынжылысын білдірді. 

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында мәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң талқыланған болатын. Осы ретте сенатор өзінің пікірін білдірді. 

Шекара сызығы не үшін сызылады? Бұл – елдің қорғаныс шекарасы ғана емес, мәдениет шекарасы деген сөз. Осы сызықтың ішінде мәдени кеңістік болады. Мәдени кеңістік аясында ұлттық құндылықтар қалыптасады. Біз әл-Фарабидің, Абайдың және басқа тарихи тұлғалардың мерейтойларын тек той тойлау үшін өткізбейміз. Бұл шаралар Қазақстан халқын біртұтас – бір мәдениет шеңберінде тәрбиелеуге бағытталған. Қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс салтын, дәстүрін білу, құрметтеу, мойындау – мәдени кеңістіктің алғышарты,- деді Нұртөре Жүсіп. 

Ол жаңа заң жобасындағы фонограммамен ән айту шектелетініне көңілі толатынын да жеткізді. 

Өнерде тазалық керек! Өмірде де солай. Фонограммамен ән айту шектеледі. Бұл таза таланттарға жол ашады. Заң жобасында тиісті нормалар қарастырылған. Мұны қолдаймын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды. «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жинақталды. Сонымен іс бітті ме? Қазақтың 1000 әні, мен 1000 күйі эфирден неге естілмейді? Эфир – Қазақстан эфирі. Ондағы жиілікті мемлекет береді. Қазақстанда жұмыс істейтін түрлі радио арнасы эфирлік жиілікті конкурс арқылы алады. Ендеше неге біз Мемлекеттің Мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мәселесін талап ете алмаймыз? Радио таратушыларға неге міндеттей алмаймыз? Қазақстан эфирінде қазақтың ән мен күйі саңқылдап естіліп тұруы керек. Сонда ғана елдегі Рухани жаңғыру ерекше сипатқа ие болады. Алдағы уақытта осы талап ескерілсе дейміз, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы