Сенатор: ҚХР-мен шекарадағы мәселелерге байланысты бизнесмендер шығынға батып жатыр

11 Қараша 2021, 11:20
1131
Бөлісу:
Сенатор: ҚХР-мен шекарадағы мәселелерге байланысты бизнесмендер шығынға батып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Нұрлан Қылышбаев еліміздің Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында кәсіпкерлердің Қытаймен шекара арқылы тауар тасымалдау кезінде кездесетін мәселелерін көтерді.

Жақында сенаторлар Алматы облысында көшпелі отырыс өткізіп, «Алтынкөл» және «Нұр Жолы» кеден бекеттеріне барып, уәкілетті мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Сол кездесуде көтерілген мәселелердің бірі – Қытаймен шекараны кесіп өту қиындықтары. Өткізу пункттерінде жүк автомашиналары мен пойыздардың жиналуы орын алды. Шекарада жүктердің тұрып қалуына байланысты отандық кәсіпкерлер бизнес-қоғамдастық тарапынан үлкен шығындарға ұшырады, – деді Нұрлан Қылышбаев.
Сенатор сондай-ақ кәсіпкерлермен кездесу барысында заңнамалық қамтамасыз етуді талап ететін көптеген проблемалық мәселе көтерілгенін атап өтті.

Осыған байланысты депутат өткізу бекеттеріндегі жағдайды жақсарту бойынша бірқатар нақты ұсыныс айтты.

«ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамының цифрлық трансформациясының кешенді стратегиясын жасау қажет. Сондай-ақ қағаз құжат айналымын алып тастау, локомотивтік тартқыш, теміржол желісі мәселелерін шешу, бірыңғай ақпараттық дерекқор құру арқылы көліктік бақылау учаскесін цифрландыру, сондай-ақ Қытай тарапымен жүргізілетін келіссөздер шеңберінде мемлекеттік органдар өткізу пункттерінің өткізу қабілетін ұлғайту, оның ішінде Қазақстанға келетін тауарлар импортының көлемін ұлғайта отырып, «Дулаты» (Қалжат) және «Зимұнай» (Майқапшағай) қытайлық өткізу пункттерін ашу қажет, – деді депутат.
Оның сөзінше, шекарадағы процестерді жетілдіру үшін шекара маңын, теміржол инфрақұрылымын жетілдіру, ҚХР-мен жаңа темір жол желілерін енгізу және басқа да шаралар қабылдаған жөн.
Өзгелердің жаңалығы