Жабал Ерғалиев: Біз ауылдан халықты бездіріп алдық

22 Қаңтар 2020, 16:13
5469
Бөлісу:
Жабал Ерғалиев: Біз ауылдан халықты бездіріп алдық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның кең даласын аралап көрсеңіз, жетіспей жатқан екі дүниені байқайсыз. Мал мен жан жетіспей жатыр. Қиыр дала, әр жерде жүрген 5-6 қой, 1-2 трактордан басқаны көре алмайсың. Сондықтан да даланы малға, ауылды жанға толтыру мәселесіне ерекше мән беру керек. Бұл туралы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев бүгін елордада өткен республикалық үгіт-насихат штабының жиынында мәлімдеді.

"Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын" деген Абай хәкімнің сөзі бар. Ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз етуге аса көңіл бөлінуі тиіс. Біз ауылды жұтатып алдық. Ауылдан халықты бездіріп алдық. Біздің негізгі рухани жаңғыратын саламыз, ұлттық кодымыздың бірі – ауыл екенін ұмытпауымыз керек. Мал бағудың идеологиясын қалыптастыру керек. Мал бағудың өзін мақтанышқа айналдыратындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Бұл туралы мақаламды "Егемен Қазақстанға" жарияладым. Қазақстанның кең даласын аралаңызшы, жетіспей жатқан екі дүниені көруге болады. Мал мен жан жетіспей жатыр. Қиыр дала, әр жерде жүрген 5-6 қой, 1-2 трактордан басқа көре алмайтын шаққа жеттік. Сондықтан да даланы малға толтыру, ауылды жанға толтыру мәселесіне ерекше мән беру керек, - дейді Жабал Ерғалиев. 

Оның айтуынша, "мал бағу – сорлы адамның ісі" деген жаңсақ пікір дұрыс емес. Ауыл-аймақтарда мал шаруашылығын өркендетуге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. 

Жиын барысында Шығыс Қазақстан облысындағы өңірлік штабтың басшысы Арайлым Есімбекова жұмысы жоқ, үйде отырып халықтың арасына іріткі салатын адамдар, яғни "диванные блогеры" көбейіп кеткенін айтты.

Бұл орайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысын жеңілдетіп отырған республикалық ағартушылық Штаб мүшелері халық пен билік арасындағы байланысты күшейтуді қолға алуда. 

Сонау шалғай ауылға дейін барындаршы деп үнемі айтамын. Ауылды біз ұмытып кеттік. Жабал ағаның жанайқайы да содан шығып тұр. Өзіміздің төл дүниемізден қашамыз. Жөргегінен жиіркенген қазақ болдық қазіргі заманда.Біздің атқарып жатқан қызметіміздің миссиясы – елдің жүрегіне дейін жету, әр азаматтың санасына дейін жету. Еркін форматта елді аралап, сұхбаттастық. Өте көп ащы сұрақтар қойылды. Тіпті, кейбір сауалдарға жауап таба алмай қаласың. Сонау шалғай ауылдар мен аудандарға дейін бару керек. Біз – Үкімет емеспіз, қоғамның, елдің ішіндегі азаматтармыз. Үкімет пен қоғамның арасындағы дау-дамайды шешу – біздің мақсат, - деп айрықша атап өтті Штабты басқарып отырған төрайым Ырза Тұрсынзада. 

Сонымен қатар, қоғам белсендісі штабтың басына міндетті түрде сол өңірдің ақсақалдары, абыздары, естиярлары мен аға буындары келу керек екеніне назар аударды. Сөз соңында ол "бұл сабақтастық – ауадай қажет дүние" деген ойын жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы