Сенатта мемлекеттік сатып алу жүйесін жақсарту жөніндегі заң жобасы таныстырылды

30 Қыркүйек 2021, 10:59
6515
Бөлісу:
Сенатта мемлекеттік сатып алу жүйесін жақсарту жөніндегі заң жобасы таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша конкурстық рәсімдерді рейтингтік балдық жүйе түрінде жаңа тәсіл ұсынылады. 

Бұл қағидат мемлекеттік сатып алу үрдісіне адамның қатысуын болдырмау мақсатында енгізіледі. 

Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын таныстыру кезінде айтты.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша конкурстық рәсімдерді рейтингтік балдық жүйе түрінде жаңа тәсіл ұсынылады. Бұл қағидат мемлекеттік сатып алу үрдісіне адамның қатысуын болдырмау мақсатында енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың электронды жүйесін кеңінен интеграциялау арқылы веб портал өнім берушілерге автоматты түрде тиісті рейтингтік балл беретін болады. Бұл баға мен сапа критерийлерін біріктіре отырып өнім берушіні автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді,-деді министр.

Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру, біріншіден рәсімдерді оңайлату мақсатында негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілетінін айтты. 

Бұл сатып алу рәсімдерін жалпы 30 күнге дейін, ал тікелей өнім берушіні таңдауды 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бүгінде оның орташа ұзақтығы 1,5 айды құрайды. Бұл тәсіл кеңсе тауарларын, жанар-жағармай, байланыс қызметтерін және тағы басқа стандартты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді сатып алу кезінде кеңінен қолданылады,-деді Жамаубаев.

Оған қоса сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың көрсетілген қызметтердің өмірлік циклінің құнын есептеуді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың тың тәсілі енгізілмек. Сапалы және инновациялық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды ынталандыру мақсатында өнім берушілерді сатып алу бағасы негізінде емес, сатып алынатын тауарлардың бүкіл қызмет ету мерзімінің құнын ескере отырып, таңдау ұсынылады. Бұл тәсіл барлық дамыған елде, соның ішінде Еуропалық Одақта кеңінен қолданылатын көрінеді. 

Сондай-ақ министр дауларды сотқа дейінгі реттеу шеңберінде, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган ретінде келісу комиссиясын енгізу көзделіп отырғанын айтты. Келісу комиссиясы шарт жасаудан жалтарған және сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізілген өнім берушілердің өтініштерін қарау үшін тапсырыс берушілер тарапынан құрылады. 

Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алуды өткізуге саяси қызметшілердің қатысуын болдырмау, мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру туралы тапсырмасына сәйкес орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын және облыс әкімдерін конкурстық комиссия төрағалары етіп тағайындау туралы талап алынып тасталады. Заң жобасында өзге де түзетулер қамтылған. Олар жер қойнауын пайдаланушылардың, табиғи монополия субектілерін сатып алулармен, байланыс, авто көлік пен қорғаныс саласын жетілдіруге бағытталған,-деді ол. 

Ұсынылып отырған заң жобасы мемлекеттік сатып алу жүйесін жақсартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, бір көзден сатып алу үлесін қысқартуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ бизнес субектілерін мемлекеттік сатып алуға қатысуын жеңілдетеді.

Өзгелердің жаңалығы