Сенат уран өндірісі туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарып берді

18 Ақпан 2021, 11:57
1746
Бөлісу:
Сенат уран өндірісі туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаттары уран өндірісі туралы заң жобасын Мәжіліске түзетулер енгізіп қайтарып берді.

Заң жобасына сәйкес уран кенорындарын өңдеушілер енді заңды түрде өз жұмыстарының салдарын жою жоспарларын алдын-ала ойластыруға міндетті.

Енгізілген қосымша түзетулер мынандай:

Уранды өндіру мерзімін ұзарту шарттары мен процедураларын реттеу;

кен орнын игеру жобасына сәйкес, уранды өндіру кезеңінде және келісімшарттық аумақта учаскені қосымша барлау жұмыстарын жүргізу;

жаңа кен орны немесе уран кен орындарының жиынтығы табылған кезде оларды кен орнын игеру жобасына немесе уранды пилоттық өндіру жобасына қосымша ретінде бағалау;

уран өндірісі саласындағы уәкілетті органды уранды барлауға арналған келісімшарттар бойынша құзыретті орган ретінде анықтау.

Сонымен қатар егер кен орны қорының ұлғаюы бастапқы көлемнің 30 немесе одан көп пайызын құраса, жер қойнауын пайдаланушы өңірде әлеуметтік-экономикалық жобаны жүзеге асыруға міндетті болады.

Сенаторлар барлық тармақтарды қолдағанымен, жобалық құжаттарға және уран кен орындарын игеруге тәуелсіз сараптама жүргізу үшін оператор құру ережелерін алып тастауға дауыс берді.  Мемлекет басшысының жаңа мемлекеттік және жеке операторларды құруға тыйым салғаны атап өтілді.

Өзгелердің жаңалығы