Бас жаңалықтар
Сенат төрағасы Санкт-Петерборда екіжақты кездесулер өткізді
19 Сәуiр 2019, 21:56 588

Сенат төрағасы Санкт-Петерборда екіжақты кездесулер өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Санкт-Петербургтегі Таврия сарайында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Әзірбайжан Милли Меджлисінің төрағасы Октай Сабироғлы Асадовпен әңгіме барысында Каспий конвенциясын ратификациялаудың маңыздылығы атап өтілді. Дариға Назарбаеваның пікірінше, ол Каспий маңы елдері арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қуатты серпін береді, сондай-ақ Каспий аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қызмет ететін болады. Жүздесушілер талқыланатын мәселелерге қатысты көзқарастарының ортақтығын атап өтіп, өзара іс-қимылдың барлық салаларындағы ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Дастан Жұмабековпен кездесу барысында тараптар парламентаралық байланыстар маңызды бөлігі болып табылатын екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуді жақтайтындарын айтты. Шекара маңы ынтымақтастығы, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды, туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан Сенатының басшысы осыған орай «Орталық Азия шенгені» өңірдің туристік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

ТүркПА Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсуповпен жүздесуде ТүркПА-ның қазіргі кездегі қызметі, Ассамблеяның кезекті жалпы отырысына дайындық мәселелері қозғалды, сондай-ақ түркітілдес мемлекеттер парламенттері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасылды. А. Мамаюсупов ТүркПА жұмысындағы қазақстандық парламентшілердің белсенді қызметіне тоқталды.

Армения Ұлттық Жиналысының төрағасы Арарат Мирзоянмен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сенат басшысы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту үшін үкіметаралық комиссия құруды ұсынды. Тараптар заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу үшін парламенттік достық топтарының әлеуетін белсенді пайдалану қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

Сенат басшысы жүздесушілерді еліміздегі маңызды ішкі саяси оқиғалар туралы хабардар етіп, Қазақстанның қазіргі заманғы саяси жүйесі биліктің, мемлекеттің саяси және экономикалық дамуының толық сабақтастығын қамтамасыз ететінін атап өтті. Қазақстан Президентінің алдағы кезектен тыс сайлауы туралы айта келіп, Д. Назарбаева «парламентшілер заң шығарушы билік өкілдері ретінде сайлау алдындағы науқанды заңның рухы мен әрпіне толық сәйкес өткізуге, сондай-ақ сайлаудың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге ниеттеніп отыр», - деді.

Сенат төрағасы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының жалпы отырысына қатысты.

Парламентшілер ТМД ПАА тұрақты комиссиялары дайындаған 11 үлгі заңнамалық актілер мен ұсынымдардың жобаларын қарады. Онда Құқықтық мәселелер жөніндегі комиссия («Ипотека туралы», «Мұрагерлік құқығы туралы», «Адвокатура және адвокаттық қызмет туралы», «Сот-сараптама қызметі туралы», Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссия («Азаматтық қорғау туралы»), Экономика және қаржы жөніндегі («Баға белгілеу туралы» үлгі заңдарды, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін ішкі су көлігінің үлгі кодексін); Білім және ғылым жөніндегі комиссия «Ғылыми-техникалық ақпарат туралы» үлгі заңның жаңа мәтіні мен «Нанотехнологиялар этикасы туралы» ұсыныстарды әзірлеген болатын.

Шараға ТМД ПАА-дағы парламенттік делегациялардың басшылары, Достастық елдерінің заң шығару органдарының өкілдері, ТМД ПАА тұрақты комиссияларының мүшелері, Достастықтың салалық органдарының, ұлттық атқарушы билік органдарының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

 


Сізден жаңалық