Сенат референдум туралы заңды Мәжіліске қайтарды

5 Мамыр 2022, 10:12
1559
Бөлісу:
Сенат референдум туралы заңды Мәжіліске қайтарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында сенаторлар «Республикалық референдум туралы» заңға түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.

«Республикалық референдум туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасына депутат Ләззәт Сүлеймен баяндама жасады.

«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы енгізіледі. Өздеріңізге белгілі, 1995 жылы қабылданған  бұл Конституциялық заңға осы жылдарда өзгерістер енгізілген жоқ, - деді сенатор.

Оның сөзінше, Парламент депутаттары ұсынып отырған бұл жоба, Қазақстан Республикасы «Құқықтық актілер» туралы заңының 24-бабы 3-тармағына сәйкес заң терминологиясы, заң техникасына байланысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық жасап отырған республикалық референдумды өткізу кезінде пайдаланылатын бюллетень нысандарын сайлауда қолданылатын сайлау бюллетеньдерімен біріздендіру мақсатында әзірленді, - деп түсіндірді Сүлеймен Сенатта.

Сенатор қандай түзетулер енгізілетініне тоқталды.

Біріншіден, қазіргі «сайлау туралы» заңға сәйкес, дауыс беру бюллетенінде келіспейтін вариант «сызып тасталмайды», сайлаушы өзі таңдауын «белгілейді». Яғни «сызып тастау» деген сөз тіркесін «белгілеу» деген сөзбен ауыстыру ұсынылады. Бұл 28-баптың 1 және 2 тармағына енгізілетін өзгерістер. Екінші өзгеріс референдумда дауыс беруге байланысты 29- бапты нақтылау мақсатында, екінші абзацпен толықтырылу ұсынылады, - дейді Ләззәт Сүлеймен.

Оның айтуынша, референдумға қатысушы дауыс берген кезде өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос торға кез келген белгіні қояды. Бұл норма да сайлауда қолданысқа ие. 

Түзетулер заң техникасы деп қарастырылғанмен, республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беру, дауыстарды санау, қорытындысын шағару процесінде нақтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды болмақ.

Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді және республикалық бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздемейді.

Сенат «Республикалық референдум туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасына Мәжіліс енгізген өзгерістерді қабылдады. Сондай-ақ Сенат заңға түзетулер енгізіп, құжатты Мәжіліске қайтарды.

Өзгелердің жаңалығы