Сенат лотерея қызметі туралы заңды екінші оқылымда қабылдады

4 Маусым 2020, 12:38
1440
Бөлісу:
Сенат лотерея қызметі туралы заңды екінші оқылымда қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. 

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова  заң жобасы лотереялық қызметті құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталғанын жеткізді.
Бүгінгі уақытта заңнама деңгейінде өз шешімін қажет ететін біраз мәселелер анықталды. 2019 жылғы №48 үкімет жарлығымен "Сәтті жұлдыз" АҚ лотереялық операторы болып 15 жыл мерзімге анықталды. Лотерея операторы  қызметкерлерінің саны 748 адамды құрайды. Республика бойынша 3 мыңға жуық таратушы (агенттер) шағын және орта кәсіпкерлерден тұрады. Олармен келісімшарт негізінде жұмыс жүргізіледі, яғни лотерея операторы лотереяның дұрыс жүргізілуіне және таратылуына тікелей өзі жауап береді, - деді А.Райымқұлова. 

Министр сондай-ақ, таратушылар (агенттер) лотерея операторынан жалпы таратылған лотерея билеттерінің құнынан 6 пайыздан жоғары сыйақы алады. 
"Сәтті Жұлдыз" акционерлік қоғамы 24 жедел және 8 тиражды лотерея ойынын жүзеге асырады. "Сәтті Жұлдыз" акционерлік қоғамы 2017-2019 жылдар аралығында лоторея билеттерін сатудан түскен жалпы айналымы 18,5 млрд теңгені құрады: 2017 жылы – 195,6 млн теңге, 2018 жылы – 1,9 млрд теңге,2019 жылы – 16,4 млрд теңге, - деді ол. 

Министрдің айтуынша, лотерея операторымен 2,7 млрд теңге көлемінде салық, 421,7 млн теңге спортты дамытуға арналған төлемдер және 12,1 млрд теңге ұтыстар уақытылы төленді.
Заң жобасы Парламент Мәжілісіне 2019 жылдың 30 мамырында ұсынылды. Мәжіліс жұмыс топтарының отырыстарында депутаттар заң жобасына бірқатар өзгерту мен толықтырулар енгізді: Лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея ойындарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі: жеке тұлғаларға - жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін - үш жүз, орта бизнес үшін - бес жүз, ірі бизнес үшін - бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, - деді министр. 
А.Райымқұлова бір жыл ішінде қайталанып жасалған заңсыз іс-әрекеттер үшін жеке тұлғаларға екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жеті жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың, ірі бизнес үшін - екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік құқықбұзушылықтың табыстары тәркіленетінін жеткізді. 

Министр лотереяларды олардың өткізу аумағына және технологиясына, сонымен қатар, жүлде пулын қалыптастыру әдісіне байланысты жіктеуді, сондай-ақ уәкілетті орган (Мәдениет және спорт министрлігі) бекіткен ережелермен лотерея өткізу тәртібін, шарттары мен ерекшеліктерін реттей отырып, енгізілуі тиіс екенін айтты.
Үкіметтің пікірін талап ететін бірқатар түзетулер үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылдың 12 ақпанында оң қорытынды алынды. Сондай-ақ, депутаттар ұсынған бірқатар түзетуді қолдайтын мемлекеттік органдардың позициясы да алынды, - деді А.Райымқұлова.

Министр заң жобасын екінші оқылымда Парламент Мәжілісінің депутаттарынан қолдау тауып, Парламент Сенатына 2020 жылдың 30 сәуірінде ұсынылғанын айтты. 
Сенат заң жобасы бойынша 8 отырыс өткізді. Сенат комитеттерінің жұмыс топтарынан түскен 29 ескертулер талқыланып, Мәдениет және спорт министрлігі егжей-тегжейлі жауаптар қайтарды. Спортты дамыту мақсатында 10%-ын төлеуге қатысты ескертуге сәйкес, министрлік алдағы уақытта үкіметтің қорытындысын алу арқылы осы қаражатты мәдениетті, археологияны, туризмді және қолөнерді дамытуға қайта бөлу жөніндегі мемлекеттік органның өкілеттігін қосу туралы міндеттеме алды, - деді министр.

Заң жобасы Сенат отырысының екінші оқылымында қабылданды.




Өзгелердің жаңалығы