Бас жаңалықтар
Семейдегі «Абай арена» кешені биыл қолданысқа беріледі
08 Ақпан 2019, 14:12 1068

Семейдегі «Абай арена» кешені биыл қолданысқа беріледі

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында салынып жатқан көпсалалы «Абай арена» кешені жыл соңына қарай қолданысқа берілмек. Бұл жөнінде облыстық Қоғамдық кеңес алдында есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.


Семей қаласындағы жаңа Қарағайлы тұрғын ауданының аумағы жыл санап ұлғайып келеді. Өткен жылы мұнда алғашқы тоғыз қабатты тұрғын үйлер қолданысқа берілген болатын. 2017 жылы сызбасы сызылып, құрылысы басталған «Абай арена» көпсалалы кешенінің іргетасы нақ осы ауданда қаланды. Тура бір жыл бұрын өңір басшысының қатысуымен алғашқы тасы қаланған құрылыс қазір бел ортасына ауған.

Құрылысқа ірі серіктестер мен отандық мамандарды жұмылдыруды тапсырған Даниал Кенжетайұлы, мәдени-спорттық бағыттағы болашақ кешеннің айналасына тағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйлерді салу керектігін айтқан болатын. Халықаралық стандарттарға сай, жалпы ауданы 12,4 гектар аумақты алатын «Абай арена» кешенінің маңы жарық әрі тұрғындар үшін жайлы болуы қажет деген ол, құрылысты жеке бақылауына алған еді.

«Құрылыс жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Былтыр басталған кешен құрылысына ай сайын ат басын бұрып тұруды әдетке айналдырдым. Құрылысты биылғы жылы, ары кеткенде желтоқсан айында толық аяқтаймыз. Бес мың адамға арналған кешенде ұзындығы елу метрлік бассейн, сонымен қатар синхронды жүзуге арналған 20х21 метрлік тағы бір бассейн болады. Бұдан бөлек онда балаларға арналған көптеген мәдени-спорттық нысандар мен бес кинотеатр ашылады», - деді Қоғамдық кеңес алдында есеп берген өңір басшысы.

Облыста теңдесі жоқ көпсалалы кешенге барған сайын қуанып қалатынын алға тартқан облыс әкімі мәдени-спорттық нысанның ашылуын өзі де тағатсыздана күтіп жүргенін жасырмады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: автор

 



Загрузка...