Семейде педагогтарды көше сыпыруға жіберген адамдар жауапкершілікке тартылды
21 Қазан 2021, 09:13 2591

Семейде педагогтарды көше сыпыруға жіберген адамдар жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семейде педагогтерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А. Гариковқа қатысты тәртіптік шаралар қолдану туралы хат жолданды. Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Н.А. Фесенкоға қатысты сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ ол әкімшілік жазаға тартылды. № 9 ОМ директоры Н.В. Тегай және №43 ОМ директорының м. а. А.В. Искрина әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде 16 қазанда Семей қаласының №43 мектебінде оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді сенбілікке көше сыпыруға жібергені туралы жарияланымдар тараған болатын.

Педагогтерді қызметінен тыс жұмыстарға тарту, оның үстіне оқу процесіне кедергі келтіру «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарына қайшы келеді.

БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, сондай-ақ ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері әкімшілік істі қарады. 

Тексеру барысында сенбілікке №43 мектебінің педагогтерінен басқа №9 мектебінің де мұғалімдері жіберілгені анықталды. Әкімшілік істі қарау барысында педагогтар қаланы абаттандыру жұмыстарына Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А. Гариковтың хаты негізінде шыққаны анықталды. Хатта педагогтардың сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Сондай-ақ хаттың әкім орынбасарының қолы қойылған қосымшасына сәйкес әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген, - делінген ведомство хабарламасында.
Білім және ғылым министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне педагогтерді пайдалану және оларды қызметінен тыс жұмыстарға тарту бойынша осындай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екендігі туралы түсіндірілген хат жолдады.

Естеріңізге сала кетейік, министр Семейде мұғалімдерді көше сыпыруға жібергендер жазаланатынын айтқан болатын.


Фото: дереккөз
Загрузка...