Бүгін Семейде 60 жаңа автобус қалаішілік бағытқа шықты

29 Мамыр 2019, 21:04
1936
Бөлісу:
Бүгін Семейде 60 жаңа автобус қалаішілік бағытқа шықты

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов 60 жаңа автобустың калаішілік бағытқа шығу салтанатына қатысты.

Аталмыш автобустар «Daewoo Bus Kazakhstan» отандық компаниясының базасында жасалған. Өткен жылы ел Үкіметі автобус тасымалын дамыту бойынша кешенді бағдарлама қабылдағаны белгілі. Осыған орай Семей қаласындағы автобус паркін жаңарту үшін 170 жаңа автобус сатып алуға жеңілдетілген лизинг берілген еді. Жобаның жалпы сомасы 4 миллиард теңгені құрады.

«Құрметті қала тұрғындары екі жыл бұрын біз сын көтермейтін жолдар мен ескірген автобустардың қала ішінде жолаушы тасымалдап жүргені туралы мәселе қозғаған болатынбыз. Бүгінде жолдар жөнделіп, кеңейді. Онда жаңа әрі жайлы автобустар жүре бастады. Жақын арада қаладағы автобустардың 90%-ы қайтадан жаңартылады», - деді Даниал Ахметов.

«СемАз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсемхан Досқұжановтың айтуынша, барлық автобус мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруын жеңілдететін арнайы пандустармен қамтамасыз етілген көрінеді. Қала тұрғындары шынымен де соңғы уақытта Семейдің көркейіп, қала ішіндегі қоғамдық көлікте қатынаудың жақсара түскенін алға тартты.

Өзгелердің жаңалығы