Төлебидегі селден 71 адам қауіпсіз жерге көшірілген

15 Мамыр 2020, 21:06
2093
Бөлісу:
Төлебидегі селден 71 адам қауіпсіз жерге көшірілген
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Түркістан облысы, Төлеби ауданында толассыз жауған нөсердің әсерінен Сұлтан Рабат пен Елтай ауылын селдің суы алып кетті. 

20200515_123208.jpg

Аталған ауылдың тұрғындарын Ленгір қаласындағы №8 колледжге әкеліп орналастырды. Осыған орай, бүгін "Серпіліс" қоғамдық қорының директоры Бейсенкүл Нарымбетова және "Жалын" жастар бірлестігінің директоры Құрмет Керімбеков бастаған топ Төлеби ауданына барып қайтты.

20200515_123211.jpg

Ондағы мақсат – селден жапа шеккен тұрғындардың бойын билеген үрей мен қорқынышты сейілтіп, көңілдеріндегі негативті алып тастау. Осы мақсатта қоғамдық қордың өкілдері өздерімен бірге тәжірибелі үш практик-психологты эвакуациялық орталыққа ала барды. Олар тұрғындармен, кішкене балалармен арт-терапия тәсілі арқылы жүздесіп, жеке-жеке әңгімелесу жүргізді.  

96948566_2569791513284675_8700306893500841984_n (1).jpg

Айта кетейік, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев эвакуациялық орталыққа сел болған күні 28 отбасыны яғни 71 адамды қауіпсіз жерге көшіріп әкелгенін айтып өтті.

Бізде таулы округ болғаннан кейін жыл сайын көктем кезінде осындай жауын шашын болып тұрады. Алайда кеше бір айлық норма бір-ақ күнде жауғаннан кейін, жауынның суы сай-сала, арық атыздан асып біраз үйлерге, көшелерге кірген болатын. Әсіресе Сұлтан Рабат пен Елтай ауылындағы оқиға түнде болды. Азаматтардың барлығын түнде қауіпсіз орынға көшіре бастадық. Осында №8 колледжге кешкі сағат сегізде алып келдік. Тұрғындарға ауызашарын бердік, көмек беруге медицина қызметкерлері мен психологтар да келді. Кеше 71 адам келген еді, қазіргі таңда мұнда 12 адам қалды. Көбі туған-туыстарының үйіне және қауіп сейілгеннен кейін кетіп қалды. Әрине, эвакуациялық орталыққа келіп жатқан адамдар бар. Қол ұшын созып жатқан елге де рахмет. Ешкімді далада қалдырмай аудан басшылығымен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Тұрғындарды азық-түлікпен қоса қандай көмек сұраса да апарып беріп жатырмыз, - деді аудан әкімінің орынбасары С.Дүйсебаев.

97107177_2569791819951311_8284181702763347968_n.jpg

Айтуынша, қазіргі таңда ауданда толассыз жауған жаңбырдың салдарынан келген зардаптарды жойып, ретке келтіру жұмыстарымен 400-ге тарта қызметкер айналысып жатыр. Ленгір қаласындағы Ленгір өзенінің қоқыстан тазарту жұмыстарына аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері де белсене атсалысып, өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ, өзге аудандардан техникалық көмектер келіп жатқан көрінеді.

20200515_140538.jpg

Ал эвакуациялық орталықта жатқан Ленгір қаласы, Амангелді көшесі, №53 үйдің тұрғыны Сейіл Назанова үйін су алып жатқан кезде Шымкент қаласындағы облыстық ауруханада ем қабылдап жатыпты. Үйін жауын суы алып жатқанын ести сала осында келген.

Мұның алдында жауған жаңбырда да үйімді су алып кеткен еді. Екі бүйрегім суықтан істен шықты. Шымкентте орналасқан облыстық ауруханаға жатып қалған едім. Көршім хабарласып "Үйіңізді су алып жатыр, қайда жүрсіз?" деп сұрады. Содан кеше келдім. Келсем үйімді көлкіген су алып жатыр. Үйім 4 бөлмелі. Ұлым Алматыда, қызым тұрмыста. Бір өзім ештеңе істей алмаған соң әкімге хабарластым. Ауруханадан келіп отырмын, денсаулығым жоқ деп көмек сұрадым. Бір қарасам автобус келіп тұр. Соған мінгізіп бізді осында әкелді. Бағана түсте үйімді барып көрсем су әлі кетпепті. Ол үйде тұрып жатқаныма 7 жыл болды. Екі бөлме болса да әкімдікке үй берсе деймін. Қант диабетімен есепте тұрамын. Үйім, заттарым, киімдерім дымқыл сасып кетті, содан да ауру таптым, - деді қала тұрғыны Сейіл Назанова.

97999215_2569792059951287_606683668366229504_n.jpg

Тұрғындармен жұмыс жасауға келген психологтар колледждің арнайы бөлмесінде жалпылама және жекелей терапия жүргізді. Аталған колледждің бірінші курс студенті Юлия Андреева селден тұрғындардың қайда баратындарын білмегендігін айтып берді.

Кеше ауданымызда жаңбырдың әсерінен үлкен сел болды. Адамдар қайда барарын білмей сасқалақтады. Бізді автобуспен осында алып келді. Осындай қиын кезде көмектескен адамдарға рахмет. Үйімізді су алып кетті. Осында "сабыр сақтаңыздар" деп қорқып қалған адамдарға басу айтып жатты. Бүгін де келіп жылы сөздерімен демеу болып жатқан психологтардың көп көмегі тиді. Олармен әңгіме барысында қиындығың мен қайғыңды сеніп ашылып айтатын адамдар барына қуандым. Өзім туралы көп жайттарға қанық болдым. Адамдарға осындай апат болған кезде психологтардың көмегі қажет екендігіне көзім жетті, сіздерге рахмет, - деді Юлия Андреева.
Еске сала кетсек, кеше Төлеби ауданында 40 минуттың ішінде бір айлық жаңбыр жауған. Салдарынан аудандағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, селге айналған жаңбыр суынан  6 елді мекендегі 260 тұрғын үйдің ауласына су кірген. Тұрғындар тез арада қауіпсіз аумаққа көшірілген. Соңғы ақпарат бойынша 27 үйдің құлау қаупі бары айтылды.
Өзгелердің жаңалығы