Сайлауды өткізуге қанша қаражат кететіні белгілі болды

21 Қазан 2020, 15:49
1613
Бөлісу:
Сайлауды өткізуге қанша қаражат кететіні белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге қанша қаражат жұмсалатынын айтты. 

Үкіметке ұсынылған 2020 жылға арналған шығыстардың болжамды сметасы 10,8 млрд теңгені құрайды. Бұл шығындардың негізгі үлесі 70 681 мүше мен  10 061 сайлау комиссиясының еңбекақысына жоспарланып отыр. Бұл 7,3 млрд теңге немесе жалпы шығыстар сметасының 68%-ы, - деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина.

Оның айтуынша, сайлау комиссияларын ұйымдастыру шығыстарының сметасында 3,5 млрд теңге жоспарланған. 

Бұл бюллетеньдерді, полиграфиялық және өзге де өнімдерді дайындау, сайлау процесінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу, сондай-ақ, сайлау комиссиялары үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлар жасауға жұмсалады, - деді ол. 

Мұстафина атағандай, науқан кезінде пандемия жағдайында барлық карантин шарасы сақталады. 

Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге 341,4 млн теңге қарастырылған. Сайлауға арналған шығыстар 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында 4,5 млрд теңге сомасында көзделген. Бұл соманың барлығы дерлік барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеуге жоспарланып отыр, - деді ол. 

Осылайша, Сабила Мұстафина Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының Біріккен сайлау науқанына шамамен 15,3 млрд теңге жұмсалатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы