Сайлауда түгел дауыс береміз – Ақтөбе хром зауытының ұжымы

25 Сәуір 2019, 15:59
3045
Бөлісу:
Сайлауда түгел дауыс береміз – Ақтөбе хром зауытының ұжымы
Фото: автордан

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбедегі «Қазхром» ТҰҚ» АҚ еңбек ұжымы кезектен тыс президент сайлауында бірауыздан дауыс береді. Сондай-ақ, олар «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезі шешімін толықтай қолдайтындарын жеткізді.

Ақтөбе хром қосындылары зауытында бүгін «Қазхром» ТҰҚ» АҚ еңбек ұжымы жиын өткізді. Олар «Nur Otan» партиясы ұсынған президенттікке үміткердің кандидатурасын толықтай қолдап отыр. Зауыт жұмысшылары президенттік сайлауда белсенді болатындарын жеткізді.

«Қазақстанның жоғарғы билігі толық конституцияға сәйкес берілді. Бұл Қазақстанға деген әлемдік қоғамдастықтың сыйластығын арттырды. Қазір біз тарихи сәтті бастан кешіріп жатырмыз. Біз ішкі саясатымыздың сабақтастығын, тұрақтылығын көрсетуіміз керек. Елбасының бағдарламасы мен стратегиясы бойынша жұмыс ұсынып, оны тиімді жүзеге асыруымыз қажет. Халықты 9 маусымда өтетін сайлауға шақырып, қолдау білдіру міндеті тұр», - деді «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқарма төрағасы Алексей Химич.

Ақтөбе хром қосындылары зауытында қазір 2 мыңнан көп адам қызмет етеді. Ал, «Nur Otan» партиясының бастауыш партия ұйымы 9 жыл бұрын құрылған. 500-ден астам адам мүше. Хром қосындылары зауыттың бөлім басшысы Әкімжан Боранқұловтың сөзінше, сайлаудың мерзімінен бұрын өтуі құптарлық дүние. Себебі,мемлекеттің басты байлығы – адам, негізгі күші – халық.  

«Елбасымыздың бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Стратегиялық бастамалары мен сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Сайлау - аса маңызды саяси оқиға. Ал, мемлекетіміздің келешегі біздің шешімімізге тікелей байланысты. Мемлекеттік басты байлығы - адам, негізгі күші – халық қой. Сондықтан мерзімінен бұрын сайлаудың өтуі заңдылық. Бұл үрдіс елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауда да маңызды рөл атқарады. Сайлау – әр азаматтың болашағы үшін таңдау жасау. Елді ұйыстырып, халықты бірлікке шақыру керек», - деді Әкімжан Боранқұлов.

Ақтөбе хром қосындылары зауытында бірнеше химиялық заттар шығарылады. Дамыған елдерге экспортталады. Қатарында АҚШ пен Жапония бар.  

Өзгелердің жаңалығы