Бас жаңалықтар
Сайлауда енді ешкімге дауыс бермеуге болады. Мәжіліс заң қабылдады
05 Мамыр 2021, 13:53 379

Сайлауда енді ешкімге дауыс бермеуге болады. Мәжіліс заң қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаттары Президенттің ұсынысы бойынша сайлауға қатысты өзгерістерді қолдады.

Енді Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендейді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын» деген графа қосылады.

Еске салайық, өткен Парламенттік сайлауда тек үш партия - Nur Otan, «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясы 7 пайыздық шекті жинады. Ал 5,29% және 3,57% дауыс жинаған Ауыл және Adal партиялары Мәжіліске өте алмады.

 Мемлекет басшысы ол партияларда білімді, білікті азаматтар бар екенін айтқан болатын.
 Егер мұндай партиялардың өкілдері Парламентке барып, талқылау кезінде пікірталасты қыздырса, жалпы жұмыс үшін тиімді болар еді, - деген болатын Тоқаев.

Президенттің айтуынша, шекті төмендету Қазақстанда тіркелген партияларды келесі сайлауға қатысуға итермелейді.

Түзетулерде ұсынылған тағы бір жаңашылдық - бюллетеньдерге «Барлығына қарсымын» графасын қосу.
Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн, - деген еді Тоқаев Парламенттің VII шақырылымының бірінші отырысында сөйлеген сөзінде.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...