Ақмола облысының тұрғындары сайлауда белсенділік танытуда

9 Маусым 2019, 18:26
2086
Бөлісу:
Ақмола облысының тұрғындары сайлауда белсенділік танытуда
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының Бурабай ауданы аумағындағы 64 сайлау учаскесінде 53738 дауыс беруші тіркелген.

Сайлау учаскелерінің мүшелері сайлауалды науқанда үй-үйді аралап, шақыру қағаздарын таратқан.

«Сайлауға бақылаушы ретінде қатысуға ниет білдірген түрлі қоғамдық ұйымдар мен саяси партия өкілдері көп болды. Олардың арасында «Ұлт тағдыры», «Ұлы дала қырандары», «Аманат», «Чернобыль мүгедектері қоғамы», Ауған соғысы ардагерлері» қоғамы сияқты ұйымдар бар. «Ауданымызда екі Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымағы ұйымының өкілі жүр», - дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қасымхан Мажинов.

Абылайхан көшесінің бойындағы аудандық мәдениет үйі ғимаратында орналасқан №314 сайлау учаскесінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалану үшін келгендердің басым көпшілігі орта жастағы және егде адамдар. Жастар да бар.

Сайлау учаскесінің төрайымы Мария Балғожинаның айтуынша, ең алғашқы дауыс беруші учаске ашылған соң он минуттай өткенде келген. Елден бұрын келіп дауыс берген қала тұрғыны Николай Компонец пен алғаш рет дауыс беруге қатысқан Щучинск жоғары колледжінің екі оқушысы сыйлық алыпты.

Мәдениет үйінің фойесінде аудан ардагерлерінің хоры өз бастамаларымен дауыс берушілерге арнап концерттік бағдарлама ұсынуда. Ардагерлердің концертін тамашалаушылар да аз емес.

Щучинск жоғары колледжінің ғимаратында орналасқан №316 сайлау учаскесіне кіргенімізде дауыс беру қызу жүруде.

«Учаскемізде 1602 сайлаушы бар. Таяқ ұстаған қариялардан бастап, кішкентай сәбилерін көтерген аналар, жастар да бар. Сайлаушыларға дауыс беру тәртібі түсіндірілуде. Мысалы, Көкшетау қаласында тіркелген, бірақ өзі Щучинскіде жұмыс істейтін жігіт комиссия мүшесінен ватсап арқылы алынған бекіту талонының суретін көрсетіп, дауыс беруге бола ма деп сұрап тұр. Талон суретінде мөр басылған, қол қойылған – бәрі дұрыс. Бірақ талонның суреті жарамайды, өзі керек. Өйткені, хаттамаға талон тіркеледі», - дейді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Шоқай Оразалин.

Таңертең ОБСЕ-ден екі өкіл келіп кетіпті. Қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан 4 бақылаушы қатысып, сайлау барысын қадағалауда.

№317 сайлау учаскесі жоғары педагогикалық колледжінде орналасқан.

«Учаске аумағында 1811 сайлаушы тіркелсе, сағат 11 кезінде солардың 304-і дауыстарын берді. Осы арада ол сайлауға алғаш рет қатысып, дауыс берген жоғары техникалық колледжінің екінші курс оқушысы Алексей Чайкинге сыйлық тапсырылды. 19-ға жаңа толған бозбала өз өмірінде сайлауға алғаш рет қатысып отырғанын айтты», - дейді сайлау учаскесінің төрайымы Галина Бегун.

Степная көшесінің бойындағы №2 орта мектеп ғимаратында орналасқан №320 сайлау учаскесінің төрайымы Инна Мельниктің айтуынша, тіркелген 1805 сайлаушының көбі жеке үйлерде тұратындықтан, кешке қарай келетіндер де көп болады. Мұнда бес бақылаушы сайлау барысын қадағалауда. Олардың арасында «Аманат», «Ваш право», «Экосем», «Чернобыль мүгедектері қоғамы» сияқты ұйымдар бар.

Өзгелердің жаңалығы