Бас жаңалықтар
Сайлау процесі заңдылығының сақталуын қадағалау жалғасуда
10 Қаңтар 2021, 13:37 103

Сайлау процесі заңдылығының сақталуын қадағалау жалғасуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин айтты.

ҚР сайлау туралы Конституциялық заңына сәйкес, сайлау болатын күні және оның қарсаңындағы күні кез келген үгітке тыйым саынған. Алайда, кеше тыныштық күні Алматы қаласында Б. есімді азамат «Ақжол» партиясын қолдау үшін анонимдік үгіттеу материалдарын тарату арқылы үгіт жүргізген. Аталған факт бойынша Алматы қаласының прокуратурасы оны қысқартылған өндіріс тәртібінде, яғни, кінәсын мойындауына байланысты материалдарды сотқа жолдамай, Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 113-баптары бойынша жалпы 20 АЕК есебінде айыппұл түріндегі әкімшілшік жауапкершілікке тартты. Кешегі күн бойынша прокуратура органдарына 2 өтініш келіп түсті. Оның бірі – Бас прокуратурға, екіншісі – Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы прокуратурасына. Нақты айтқанда, Бас прокуратураға Алматы қаласының тұрғыны дауыс беру кабиналарында перделердің болмауына байланысты дауыс беру құпиясын бұзудың алғышарттары туралы өтінішпен жүгінді. Аталған өтініш құзыреті бойынша Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жолданды. Сол күні елорданың Есіл аудандық прокуратурасына Қазақстан халық партиясы мүшесінен өтініш келіп түсті. Онда ол партиялық тізімге енгізілмегендігімен келіспейтінін білдірді. Прокуратура оған партияның осы шешіміне сотқа шағымдану құқығын  түсіндірді. Өйткені, бұл партияның ішкі актілерімен реттеледі, - деді ол.

Азамат Сарғазин брифинг барысында бүгін таңнан бастап осы уақытқа дейін прокуратура органдарына қандай да бір, оның ішінде дауыс беру шарттарын бұзу туралы шағымдар мен арыздар түспегенін жеткізді.

Дегенмен, жекелеген тұлғалар әлеуметтік желілерде жасанды резонанс тудыру мақсатында «бүгін орын алған», деп сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы жалған материалдар таратуда. Біз олардың дұрыстығын тексердік. Олардың қазіргі сайлау науқанына қатысы жоқ. Мысалы, WhatsApp мессенджері арқылы сайлау учаскелерінің бірінде сайлау комиссиясының мүшелері алдын ала қол қойылған бюллетендер табылған бейнежазба таралған. Бұл бұған дейін өткізілген сайлау кезінде Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскелерінің біріндегі ескі жазба екені анықталды. Сондай-ақ, Facebook әлеуметтік желісінде Алмас Байқадамов деген пайдаланушы «бүгін сайлау комиссиясының мүшесі Қазақстанда бұрмалау басталды» деген пікірмен жәшікке  бюллетендерді лақтырудың бейнежазбасын орналастырған. Алайда, материалдарды зерделеу нәтижесінде бұл бейне Ресей елді мекендерінің біріндегі сайлау учаскесінде жасалғаны анықталды. Сондықтан, БАҚ немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚК-тің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салғым келеді. Сайлау процесі заңдылығының сақталуын қадағалау жалғасуда, - деді ол.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...