Сайлау процесі адал және ашық өткізілуі керек - Сенат депутаты

13 Қараша 2020, 01:58
1346
Бөлісу:
Сайлау процесі адал және ашық өткізілуі керек - Сенат депутаты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы сайлау процесіне байланысты пікір білдірді.

Оның ойынша, кез келген сайлау әділ әрі халықтың әлеуетін жақсарту үшін өткізілуі тиіс.

Қандай деңгейдегі сайлаулар болсын, ол қоғамда дау-дамай, қайшылық туғызу үшін емес, керісінше сол қайшылықтардың алдын алып, ұлтты ұйыстыруға, сол арқылы халықтың тұрмысын, әлеуетін жақсарту үшін өткізілуі керек. Сайлау процесі адал және ашық өткізілсе, халықтың азаматтық болмысын нығайтуға, қоғамның мемлекеттік билік жүйесіне сенімін күшейтуге әсер етеді. Сондықтан да алдағы сайлауды әділетті өткізу арқылы мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміздің мызғымауына айрықша мүдделілік танытатын, еліміздегі саяси орнықтылыққа айрықша ұйытқы бола алатын әлеуметтік күшті топтастыра аламыз, - деп жазды ол.

Сонымен қатар, ол билік басынан білімді, нақты ойын еркін жеткізе алатын азаматтарды көруге ниетті екенін қоса кетті. 
Парламент тек заң шығарушы орган емес, өткір ойларымен, шешен тілімен елге үлгі болатын, ой салатын алаң. Онда саяси сауатты, адами қасиеті жоғары, өз өңірінде, қоғамда үлкен ықпалы бар, өз салаларының білікті мамандары, өз ойларын ашық жеткізе алатын тұлғалар болу керек, - делінген FACEBOOK-тегі парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы