Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарды атады

10 Сәуір 2019, 17:01
5013
Бөлісу:
Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер кандидаттарға қойылатын талаптар бекітілді. 

«Конституция мен «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылатын талаптар: Қазақстан тумасы, соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасы аумағында тұруы, жоғары білімі бар болуы, 40 жасқа толған болуы, белсенді сайлау құқығы болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс», - деп айтты Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Кандидаттардың Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтауды Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме кандидаттың дауысқа түсуге келісім беруі туралы өтінішімен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландатыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн ішінде жүзеге асырады.

 

Осыған дейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы 2019 жылдың 28 сәуірінде сағат 18.00-де аяқталатыны туралы мәлімдеді.

 

Бұған дейін, Константин Петров президенттікке үміткерлер төлеуі тиіс сайлау жарнасы 2 млн 125 мың теңгені құрайтыны туралы мәлім еткені жайлы және президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталған күннің ертеңіне, яғни 11 мамыр күні үгіт-насихат жұмыстары басталатыны туралы жазғанбыз.


 

Өзгелердің жаңалығы