Сайлау кезінде партиялардың өту шегін 7-ден 5%-ға қысқартатын заң жобасы қаралды

7 Сәуір 2021, 10:37
2256
Бөлісу:
Сайлау кезінде партиялардың өту шегін 7-ден 5%-ға қысқартатын заң жобасы қаралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы туралы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Қанат Мусин баяндап берді.

Конституциялық заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын, сондай-ақ Парламент сессиясының ашылуында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Заң жобасы шеңберінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға аталған сайлауды тағайындау, жергілікті әкімдерге қойылатын талаптар, кандидаттарды ұсыну тәртібі, өзін-өзі ұсынған кандидаттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі, кандидаттарды тіркеу, сайлау кезінде дауыстарды санау, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау тәртібі, сайлау өткеннен кейін сайланған әкімді тіркеу тәртібі бойынша бірқатар түзету көзделеді, - деді депутат.

Сонымен қатар заң жобасында Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7% пайыздан 5% пайызға дейін төмендету, «бәріне қарсымын» деген жазуы бар бағанды барлық деңгейлердегі сайлау бюллетеньдеріне қосу туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Қанат Мусин баяндағандай, заң жобасында жергілікті әкімдер сайлауына саяси партиялар кандидаттарын ұсынуы көзделеді.

Бұдан басқа, тиісті аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер тұрғындарының пассивті сайлау құқықтарын іске асыру мақсатында заң жобасында өзін-өзі әкімдер сайлауына ұсынуға мүмкіндік қарастырылған. Әкімдікке халық ұсынатын кандидат өзін қолдауы үшін тиісті қол санын жинайды, - деп түсіндірді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Өзгелердің жаңалығы