Тұрғындар сайлауға белсенді қатысып жатыр – шетелдік байқаушы

9 Маусым 2019, 16:15
2697
Бөлісу:
Тұрғындар сайлауға белсенді қатысып жатыр – шетелдік байқаушы
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордадағы президент сайлауы барысын шетелдік байқаушылар жіті қадағалауда.

Саратов облысы сайлау комиссиясының төрағасы, байқаушы Владимир Писарюктің айтуынша, Сыр өңірінде тұрғындар саяси науқанға белсенді қатысуда.

«Бүгін және кешегі күнді алып қарасақ, сайлау учаскесінің, ондағы комиссияның дайындығы жоғары екенін байқадық. Онда келушілердің еш кедергісіз, емін-еркін өз дауысын беруі үшін барлық жағдай жасалған. Сайлау учаскелеріне адамдар көптеп келіп жатқанының куәсі болдық. Сайлаушылардың санасы биік, керек ақпаратқа қанық, өз құқықтарын біледі. Мысалы, №353 сайлау учаскесі комиссиясы дауыс беруге келгендер кезекте ұзақ тұрып қалмас үшін олардың өтініш-тілектері мен сұрақтарына жылдам жауап беріп, жедел жұмыс істеуде. Сайлау жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын. Кейбір түсінбестік әрекеттерді де сайлау комиссиясы реттеп, заң аясында қызмет атқарып жатыр. Яғни сайлау барысындағы азаматтардың аз-маз шағымы дер кезінде шешілуде. Ал өрескел құқықбұзушылықтар әзірге кездеспеді. Біздің жұмысымызға ешкім ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқ. Сайлау учаскелерін аралап, сұрақтарымызды қойып, қадағалап жүрміз», - деді Владимир Писарюк.

Тұрғындар сайлауға белсенді қатысып жатыр – шетелдік байқаушы

Ал Мәскеу облысы сайлау комиссиясы аппаратының консультанты Андрей Горячихтің пікірінше, жергілікті тұрғындардың саяси сана-сезімі, мәдениеті жоғары.

«Ресейдің сайлау жүйесінде біраз жылдық тәжірибем бар. Қазір Қызылорда облысындағы сайлау барысын бақылап отырып, оң көзқарас қалыптасты Жергілікті тұрғындардың саяси сана-сезімі, мәдениеті жоғары екеніне іштей жақсы әсер қалдырды. Учаскелердегі ұйымдастыру сауатты ойластырылғаны көрінді. Ресейдегі секілді мында да электронды жүйені қолданғаны, сол арқылы сайлаушылардың өз учаскесін анықтап алып жатқаны ұйымдастыру шарасының жоғары деңгейін білдіреді», - деді А.Горячих.

Айта кетейік, Сыр өңірінде 366 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. 113-і Қызылорда қаласында орналасқан. 490 898 қызылордалық сайлауға қатыса алады. Бүгін сағат 14:00-ге дейін олардың 61,1 пайызы дауыс беріп үлгірген.

Өзгелердің жаңалығы