Бас жаңалықтар
Сайлау – 2019. Мен тұрақтылық, тыныштық үшін дауыс бердім – қала тұрғыны
PHOTO
09 Маусым 2019, 12:46 595

Сайлау – 2019. Мен тұрақтылық, тыныштық үшін дауыс бердім – қала тұрғыны

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласының тұрғындары кезектен тыс президент сайлауына қатысып, өз дауыстарын беруде.

Облыс орталығындағы №264, №260 сайлау учаскелері қатар орналасқандықтан мұнда келушілердің қарасы қалың. Қала тұрғыны Мағуфурат Қаппарқызы бүгінгі күнді мереке деп санайды.

«Бүгінгі күнді мереке деп есептеймін. Халық өз таңдауын жасауда. Елдің тыныштығы, берекесі, ынтымағы жарасымды болу үшін халық өзінің сүйікті үміткеріне дауыс береді. Мен көршілеріммен бірге келдім, өз қалауымызды таңдадық. Балалар, жастар өсіп-өніп, бәле-жаладан ада болса екен деп тілейміз. Олар біздің тірегіміз, сүйенішіміз. Елдің азаматтарына абырой берсін. Құдайға шүкір, мемлекетіміз көштен қалған жоқ. Кәсіп жасауға, білім алуға, басқа да мүмкіндіктер елімізде бар», – дейді ол.

Мағфурат Қаппарқызы сайлауға ерте келе алмағанының себебін түсіндірді.

«Сайлауға ерте келгіміз келген. Бірақ жерлесіміз, «әкем – орыс, шешем – кәріс, өзім қазақпын» деген Геннадий Головкинннің жеңісіне куә болып, сәл кешігіңкіреп қалдық. Геннадийдің соққыларын көріп, «ұр, қазақ, ұр, қазақ» деп айқайлап, көгілдір экранның бер жағынан боксшы баламызға рух беріп отырдық. Біздің дауысымызды естімесе де ниетімізді сезер деп ойладық. Міне, бүгін қос тойымыз қабат келіп жатқан жайы бар. Ауа райы да ашық, шуақты, қуанышты күн», – деді Мағфурат Қаппарқызы.

Облыс орталығының тұрғыны Үмітхан Төлепбаева да елдің тыныштығына дауыс бергенін айтады.

«Тыныштық бәрінен артық. Мен сол тұрақтылық, бейбіт өмір үшін дауыс бердім. Қалғаны жоспар ретімен орындалады деп ойлаймын. Бұрынғыдай емес, халықтың жағдайы түзелді ғой. Бірен-саран адамдар бар, олардың тұрмысы жақсарады деп сенемін. Тек сайланатын президент елге адал, әділ басшы болып, қызмет етсе деймін», – деді Үмітхан Төлепбаева.


Ал №264 сайлау учаскесінің төрайымы Ұлболсын Маханова кейбір сайлаушылар тарапынан түсінбеушілік пайда болып жатқанын айтады.

«Дауыс беруге келіп жатқандар көп. Бірақ кейбір азаматтар тарапынан түсінбеушілік пайда болуда. Мысалы, Жаңақорғаннан келген бір адам біздің учаскеге ат басын бұрып, «қалада тойда жүр едім, дауысымды беріп кетейін» дейді. Ал ол біздің тізімде жоқ. Кім біледі, ол тағы бірнеше жерге кіріп, дауыс беріп жүрген болуы мүмкін. Егер басқа учаскеде дауыс беруге құқық беретін қағазы болса, қабылдаймыз. Әр сайлаушы бір жерден бір-ақ рет дауыс береді. Тізімімізде болмаса, мекенжай анықтамасын шығарып, қараймыз. Біздің учаскенің көшесінде тұратын болса, қосымша тіркейміз. Заңға сай болуы керек бәрі. №264 учаскеде 2167 адам тіркелген. Таңертең қариялар көп келді. Өзіңіз білесіз, үлкен кісілер ерте тұрады. Олар дауысын да, батасын да беріп кетті», - деді төрайым.

Өнерпаздар сайлау уческесі алдында ән айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Сайлаудың маңызды екенін ән арқылы жеткізгіміз келді. Келушілердің көңілі көтеріліп қалды. Біз бүгінгі сайлауға осылай үн қосып жатырмыз», - дейді Гүлжайна Нұрылдаева.



Фото: автордан
Загрузка...