Бас жаңалықтар
Саясаттанушы Сенат сайлауының ерекшелігін атады
12 Тамыз 2020, 19:17 351

Саясаттанушы Сенат сайлауының ерекшелігін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламенттің жоғарғы палатасы Сенат депутаттарының сайлауына қатысты саясаттанушы Қазбек Майгелдинов пікір білдірді. 

Қазақстандағы Парламент сайлауларының екі ерекшелігі бар. Мәжілісте жалпыхалықтық сайлау арқылы өтсе, Сенатқа депутатты Президент пен жергілікті жерлердегі мәслихат депутаттары сайлайды. Әр облыстан Сенат сайлауына екі-үш үміткер қатысады. 17 депутат бүгін сайланды. Тағы 15-ін Президент сайлайды. Сенат сайлауының ерекшелігі: мәслихаттардың міндетті түрде өз кандидаттарын ұсынуы. Сондай-ақ, Сенат депутаттығына адамдар өзінің кандидатурасын ұсына алады. Өңірлердегі мәслихаттан ұсынылатын үміткерлердің басымдығы бар. Себебі олар жергілікті мәслихат пен әкімдіктерде жұмыс істеген тәжірибелі адамдар. Бұл адамдарды мәслихаттың депутаттары таныйды. Сондықтан бұл жерден жаңашылдық күтпейміз, - дейді саясаттанушы. 

Майгелдинов атап өткендей, депутаттарға деген халық арасындағы наразылықтың болуына себеп те жоқ емес. 

Қазір депутаттар халықпен етене араласпайды. Өкінішке қарай, Сенатқа депутаттыққа үміткерлердің үгіт-насихатын көре бермейміз. Олар мүмкін кампанияны өз өңірлерінде жасаған болар. Алайда республикалық деңгейде сайлауалды бағдарламаларын да көрмедік. Қазір депутаттар мандатын лауазым ретінде санайды. Алайда депутат, біріншіден, халық қалаулысы. Олар халық тарапынан түсетін мәселелерді шешуге атсалысуы керек. Соңғы кезде коронавирус пандемиясына қатысты мәселелердің шешілуіне депутаттардың тек өңірлік деңгейде қатысып жүргенін көрдік. Алайда көп жағдайда депутаттар тарапынан тыныштық орнайды, - деді ол. 

Оның айтуынша, "Естуші мемлекет" қағидасы бойынша алға жылжу әлі де байқалмай отыр. Сенат сайлауынан кейін Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы өтеді. 

Олар сайлауалды бағдарламаларын барынша ашық жүргізеді деп ойлаймын. Қоғам сұранысын жүзеге асыратын саяси реформалардың басты нышаны болып табылатын сайлау науқанын жаңаша форматта өтуін талап ету керек. Билік оған мүдделі болуы керек. Билік пен халық арасында диалог артып келеді. Ашықтықтың қандай болатынын алдағы сайлауалды науқанда көре аламыз деп ойлаймын, - деді Қазбек Майгелдинов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...