Саясаттанушы: Ауылдың мәселесі – қазақтың мәселесі

17 Қазан 2019, 16:30
4332
Бөлісу:
Саясаттанушы: Ауылдың мәселесі – қазақтың мәселесі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл-аймақтағы адами капиталдың азайып, шекараның жалаңаштануы ұлттық қауіпсіздігімізге төнетін қауіпті еселей түседі. Демек, ауылдың жағдайын жақсарту мемлекетіміздің қауіпсіз әрі ел қатарлы болуына бастайтын бірден-бір жол.

Осы және басқа да мәселелерді қозғаған дөңгелек үстел отырысы Көкпектіде ұйымдастырылды. Облыстық ішкі саясат басқармасы Еуразиялық интеграция институтымен бірлесе отырып ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттарды жүзеге асыруды талқылаған шараға ҚР президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров қатысты.

"Биыл еліміздің саяси тарихында ауқымды өзгерістердің орын алып жатқаны барлығымызға мәлім. Үш ай бұрын ел президенті ауысты. Осы үш ай сенімнің, күдіктің және нақты істердің кезеңі болды. Тоғызыншы маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойып, ел халқына деген диалогын бастап кетті. Жалпы саяси бағытты қамтамасыз етпей, экономикалық дамудың болмайтыны белгілі. Сондықтан қоғаммен ашық диалог құрып, қордаланған мәселелерді шешу бірінші кезекке қойылды", - деді дөңгелек үстел барысында сөз алған Ерлан Биахметұлы.

Мемлекеттің ең негізгі миссиясы – өз азаматтарына қамқор болу екенін айтқан саясаттанушы, қордаланған мәселелердің де жоқ еместігін тілге тиек етті. Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикалық мәліметтеріне сүйенген ол ел халқының 19%-ының кедей тұратынын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда жыл сайын 1700 адам еңбекте мүгедектік алса, 200 адам алған жарақаттан көз жұмады. Бұдан бөлек, балалар арасындағы суицид, әлеуметтік аурулар бойынша еліміз алдыңғы орындардың бірін алады.

"Бұл дегеніміз елімізде табыс көзі жоқ дегенді білдірмейді. Тәуелсіздіктің 30 жылға таяу кезеңінде шекарамызды белгіледік, экономикалық жүйе пайда болды, орталықтандырылған мемлекет құрдық, құндылықтармыз бар ұлт қалыптастырдық. Ел президенті қоғамдық-саяси реформалар жасамай, экономиканы дамыту мүмкін еместігін айтады. Азаматтары еркін елде даму болады. Әділетсіздіктің бары рас. Бұл тек біздің елге ғана емес, бүкіл әлемге тән құбылыс. Бүгінде әлемнің 82 процент байлығы адамзаттың 1 процентінің қолында айналады. Ал еліміздегі байлықтың 55 проценті 162 адамның ғана қолында айналады. Бірақ біздегі бір айырмашылық бұл адамдардың өнімді өздері емес, осыған дейінгі сіз бен біздің әкелеріміз, аталарымыз жасаған өнімді иемденген. Сол себепті осы адамдардың ұлт алдындағы жауапкершілігін арттыру қажет", - деп қосты саясаттанушы.


сайыров.jpg

Ауылдың мәселесі – қазақтың мәселесі екенін баса айтқан саясаттанушы ауылды жердің инфрақұрылымы мен әлеуметтік жағдайын қалалық аймақтармен теңестіруге ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Экономиканың негізі – адами капитал. Демек демографияны көтеру қажет. Ауыл-аймақтардағы адам санының азаюы шекараның жалаңаштануына әкеп соғатынын айтқан ол мемлекет тарапынан ауыл адамдары үшін түрлі қолдау шараларының үстемеленетінін тілге тиек етті. Көптеген мәселені шешуде жергілікті әкімдіктердің қауқары жететінін алға тартқан Ерлан Биахметұлы жергілікті биліктің инновациялық шешімдерге деген құлшынысын арттыруға қажеттілік туындағанын атады.

Бұдан бөлек, жиында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ришат Рамазанов президент Жолдауының барлық саланы тиімді әрі үйлесімді жұмыс істеуге жұмылдыратынын атап өтті. Сонымен қатар, Көкпекті ауданы әкімінің бірінші орынбасары Жасұлан Майкенев мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруда әрбір адам өз саласы бойынша белсенді және тікелей атсалысуы керектігін жеткізді.

"Тапсырманы дер уақытында және сапалы орындаған кезде ғана азаматтардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, экономиканы дамытуға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға қол жеткізуге болады. Өңірлерді дамытудың негізгі басымдылығы сапалы білім беру. Технология мен инновацияға көңіл бөле отырып, біз білімнің артықшылығын ұмытпаймыз. Бұл елімізде баршаға ортақ болуы тиіс", - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы