Бұл қоғамдық саясаттағы парадигманың түбегейлі ауысуы - Қарин

20 Мамыр 2020, 22:05
1129
Бөлісу:
Бұл қоғамдық саясаттағы парадигманың түбегейлі ауысуы - Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық Кеңес хатшысы Ерлан Қарин Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" жаңа заңға қатысты пікір білдірді.

Бүгін Парламент "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" жаңа заңды қабылдады. Бұл - өткен жылдың желтоқсанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық жасаған саяси реформалар топтамасындағы бірінші заң. Алайда, Ұлттық кеңестің құрылатындығы жария етілген кезде кейбір сарапшылар мен қоғам қайраткерлері "билік талқылауларға, оған қоса саяси реформаларды жүзеге асыруға бара қоймас" деп күдіктерін білдірген еді. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі бірінші Жолдауында саяси жаңғырусыз экономикалық реформларды жүзеге асыру мүмкін еместігін нақты мәлімдеп, митинг туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын. Ал Ұлттық кеңестің 2-отырысында сонау 1995 жылы қабылданған қолданыстағы заңның орнына жаңасын қабылдау және оның аясында митингтерді ұйымдастыру мен өткізуде хабарландыру принципін енгізу қажеттігін мәлімдеді, - деп жазды Ерлан Қарин Telegram парақшасында.

Оның айтуынша, қаңтар айының соңында заң жобасы қоғамның кеңінен талқылауына шығарылды.

Дәл осы заң жобасындай бұған дейін бірде-бір құжат кеңінен әрі белсенді талқыға түскен жоқ. Тек ақпан айының өзінде түрлі алаңдарда 20-дан астам түрлі пікірталас болды. 10 наурызда заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. ҚР Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде құжатты қарау барысында құқық қорғаушылардың, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің, оның ішінде Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен жұмыс тобының 14 отырысы өтті - дейді Президент кеңесшісі. 

Сонымен қатар, Ерлан Қарин, талқылаулардың өте қарқынды, күніне бірнеше сағат бойы жүрілгенін атап өтті.

Тек түскі асқа тоқтатылып, одан кейін пікірталас қайта жалғасты. Мәжілістегі, одан кейін Сенаттағы қызу пікірталастардың қорытындысында құжат ұсынымдарды ескере отырып дайындалды және қабылданды, - деді ол. 

Президент кеңесшісінің айтуынша, жаңа заң бейбіт жиналыстарды өткізумен ұйымдастырудың хабарландыру принципін, митингтерді өткізу үшін қаланың орталық бөлігінде аудандар бекітудің міндетті нормасын және өзге де жаңашылдықтары қамтиды. 

Бірақ, жаңа заң нормалар мен ережелердің тек қана жаңа жиынтығы емес. Бұл қоғамдық саясаттағы парадигманың түбегейлі ауысуы. Президент Тоқаевтың саяси реформалар топтамасындағы өзге де бастамалар сияқты ол саяси тәжірибеге жаңа принциптер мен әдістер енгізеді. Мұның барлығы жиналып келгенде саяси мәдениеттегі позитивті құндылықтар өзгерісіне алып келеді, - деді Ерлан Карин.

Өзгелердің жаңалығы