Саябақтарда жексенбілік жаттығулар өтеді

20 Мамыр 2019, 22:42
1974
Бөлісу:
Саябақтарда жексенбілік жаттығулар өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл елорда әкімдігі төрт саябақта тегін спорттық іс-шаралар ұйымдастырады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.

26 мамырда елордада ашық аспан астында өтетін «Fitness Park Nur-Sultan» апта сайынғы жексенбілік жаттығулары қайта ұйымдастырылады. Биыл әкімдік барлық елорда тұрғындарына арналған тегін спорттық жаттығуларды «Астаналық», «Ботаникалық бақ», «Жерұйық» және «Жетісу» сияқты төрт саябақта өткізеді. Кәсіпқой мамандар жетекшілік еткен жаппай жаттығулар сағат 10:00-12:00 аралығында өтеді. Алғашқы сабақ алдымен Астаналық саябақта өтеді, ал қалған саябақтар шараға 2 маусымда қосылады. Жексенбілік жаттығулар тамыз айының соңына дейін жалғасады.

«Жазда «Fitness Park Nur-Sultan» тегін спорт жаттығулары төртінші жыл қатарынан өткізілмек. Ол үшін жыл сайын кеңінен танымал спорт түрлері таңдалады. Биылғы жаттығулар мынадай спорт түрлерінен өтеді: CrossFit, йога, бокс, бразилиялық джиу-джитсу, Zumba, үстел ойындары (дойбы, шахмат) және топтық жүгіру», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет және спорт бсқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Дәстүр бойынша «Fitness Park Nur-Sultan» ауқымды жаттығулары Астаналық саябақта өткізіледі. «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында жаппай спорттық шаралар СrossFit, джиу-джитсу және Zumba, Ботаникалық бақта - СrossFit, джиу-джитсу, Zumba және топтық жүгіру бағыттары бойынша өткізіледі. Сонымен қатар, бүгін елордалық саябақтарда балалар ойын-сауық бағдарламасы басталды.

«Саябақтың 7 ғажайыбы» үш жылдан бері кішкентай елорда тұрғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлап келеді. Балалардың сүйікті кейіпкерлерінің кейпіндегі аниматорлардың қатысуымен өткізілетін шоу «Астаналық», «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында күніне екі рет өткізіледі. «Саябақтың 7 ғажайыбы» шоу-бағдарламасының кестесі Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының аккаунтында жарияланады.


Өзгелердің жаңалығы