Заңсыз сақталған қаруды сатып алу онлайн жүргізіледі

1 Шілде 2020, 13:14
1953
Бөлісу:
Заңсыз сақталған қаруды сатып алу онлайн жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгіннен бастап республика аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша жыл сайынғы акция басталады.

Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне оның техникалық жай-күйіне байланысты комиссия шешіміне сәйкес 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін төлем төленеді.

Сыйақы төлемі қару-жарақ заттарын тапсырған азаматтардың шотына аудару арқылы жүзеге асырылатын болады.

Ерікті түрде тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершікке тартылмайды.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуін ескере отырып, қолда бар қару-жарақ заттарын тапсыруға ниет білдіргендер полиция органдарына бармай-ақ, Ақтөбе қаласы ПБ-ның 729-853 телефондарына немесе 102 номеріне хабарласса, жеткілікті.

Өтініштерді және халықта заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын қабылдауды орындарға шыға отыра, ішкі істер органдарының қызметкерлері жүзеге асыратын болады. Бұрын оларды қабылдау аумақтық полиция органдарында жүргізілген болатын.

Жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілерді тауып алған жағдайда олармен қандай да бір іс-әрекет жасамай, тек полиция бөлімшесінің көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарлау қажет.

Халықта заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акциялар 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл кезеңде халықтан 51 мың біріліктен астам қару және 2 млн патрондары сатып алынған. Бұл ретте атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстар 3 есеге төмендеді.
Өзгелердің жаңалығы