Қарағандыда сарбаз өзіне оқ атқан – Ұлттық ұлан

23 Ақпан 2019, 12:56
2803
Бөлісу:
Қарағандыда сарбаз өзіне оқ атқан – Ұлттық ұлан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысындағы №6505 әскери бөлімінің атқыштар батальонында отан алдындағы борышын өтеп жүрген Әліби Сапа автоматтан өзіне оқ атқан. Бұл жайында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов журналистермен кездесуде айтты.

ҚР Ұлттық ұланға қарасты №6505 әскери бөлімінде 18 жастағы Әліби Сапа осындан 3 күн бұрын басына оқ тиіп қаза болған. 22 ақпан күні аталаған әскери бөлімнің және ҚР Ұлттық ұланының басшылығы қайғылы жағдайға байланысты брифинг өткізіп, оқиғаның жай-жапсарын баяндап, сарбаздың өлімі бақылау камерасына түсіп қалғанын айтты.

«Қарауыл бекетінде сарбаз жалғыз тұрған. Себебі жауынгерлік бекетке қарауыл бастығы мен оның көмекшісінен өзге ешкімнің көтерілуге құқығы жоқ. Бейнежазбада сарбаздың автоматты алып, оны оқтап, өзін-өзі атқаны көрініп тұр», - деді ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов.

Сарбаздың өлі денесі Долинка елді мекеніндегі қатаң режимдегі түзету мекемесінің қарауыл мұнарасынан 20 ақпан күні таңертең табылды. Қаза болған Әліби Сапа өткен жылдың желтоқсан айында Алматы облысы, Талғар ауданынан әскерге шақыртылған, ол 18 жаста. Әскери бөлім басшылары Әліби әскери бөлімдегі екі ай уақытта өзін тек жақсы жағынан көрсеткендігін айтады. Оқыс оқиға болатын күні де сарбаздың мінез-құлқынан өзгеріс байқалмаған. Қазіргі уақытта тиісті органдармен тергеу жүргізілуде.

«Әскери-тергеу басқармасы 107-бап, яғни «өзіне-өзі қол салу» бабы бойынша іс қозғады. Тергеу басталды. Қызметтік тексеріс барысы ҚР Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың тікелей бақылауына алынды. Барлығы ашық әрі әділ болады. Аталған оқиғаға кінәлілердің барлығына қызметтік лауазымынан босатуға дейінгі ең қатал жаза қолданылатын болады», - деді М.Сатов.

Әскери бөлім басшыларының айтуынша, соңғы бес жылда әскери бөлімде әлімжеттік фактісі тіркелмеген.

22 ақпан күні Ә.Сапаның денесі Алматы облысына жеткізілді. Бүгін оны туғандары ақтық сапарға шығарып салады.

Жібек Мұқашева

Өзгелердің жаңалығы