Сатиралық шығармаларға арналған республикалық онлайн байқау жарияланды

26 Наурыз 2020, 23:45
1550
Бөлісу:
Сатиралық шығармаларға арналған республикалық онлайн байқау жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы "Мәдениет порталы" ақпарат агенттігімен бірлесіп, республикалық деңгейде Қадыр Тайшықов атында сатиралық шығармалар байқауын жариялады.

Мәдени шара еліміздегі төтенше жағдайды ескере келе аталмыш байқау "Мәдениет порталында" онлайн түрде өткізілетін болды. 

Биыл Павлодар облысының тумасы, көрнекті жазушы, қазақ сатирасының негізін салушылардың бірі, аудармашы, журналист, сазгер Қадыр Тайшықовтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осы орайда, республикалық онлайн байқау жарияланды. Оған сатира жанрында жазылған шағын әңгімелер, әзіл-сықақ өлеңдер, шағын скетчтер, очерктер қабылданады.

Байқауды Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, "Мәдениет порталы", облыстық "Шаңырақ" халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы мен "Ақбеттау" журналы ұйымдастырып отыр.

Байқаудың мақсаты - әдеби шығармаларды кеңінен насихаттап, оны оқырман қауымға, жас ұрпаққа патриоттық, азаматтық және көркемдік-эстетикалық тәрбие берудің тиімді құралы ретінде ұсыну, дарынды сатирик қаламгерлерді қолдау, сатира жанрын насихаттау және осы жанрдағы жазушылар мен ақындарды қалың оқырманға таныстыру. Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты байқауды онлайн өткізуді ұйғардық. Бұл ретте, "Мәдениет порталы" зор қолдау көрсетуде, - деп атап өтті басқарма басшысы Ернұр Дәуенов.

Онлайн байқауға мемлекеттік және орыс тілдерінде сатира жанрында бұрын жарияланбаған шағын әңгімелер, әзіл-сықақ өлеңдер, шағын скетчтер, очерктер қабылданады. Қатысушылардың шығармалары "Мәдениет порталында" жинақталып, жарияланады. Жазбалар  2020 жылдың 30 мамырына дейін қабылданады. 

Байқау жеңімпаздарына қомақты қаржылай жүлделер тағайындалған. 

Өзгелердің жаңалығы