"Сарыарқа" газ құбыры жыл соңына дейін Астанаға жетеді

22 Қаңтар 2019, 13:47
1957
Бөлісу:
"Сарыарқа" газ құбыры жыл соңына дейін Астанаға жетеді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылыс жұмыстары туралы есеп берді. 

«2018 жылғы 29 желтоқсанда «АстанаГаз КМГ» мен «Газқұрылыс сервис» компаниясы арасында қол қойылған «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу туралы шартқа сәйкес жұмыстарды орындау кестесі бекітілді. Ол кестеге сәйкес магистралды газ құбырын бір мезгілде бес учаскеде салу жоспарлануда. Айта кетсек, газ өлшеу станцияларын, автоматтандырылған газ тарту станцияларын, электрхимиялық қорғау қондырғыларын монтаждау және құбырға гидросынауды жүргізу арқылы магистралды газ құбырын желілік бөліктерін салуды аяқтау 2019 жылдың соңына қарай бекітіледі. Биыл қаңтар соңында мердігердің техникасын жабдықтау мен персоналды жұмылдыру, ал трассаны дайындау 27 ақпанда басталады. Бұл ретте наурызда жеткізілетін негізгі құбырдың бірінші партиясы тамызда аяқталады деп сенемін. Құбырларды дәнекерлеу жұмыстары биыл 21 наурызда басталады», - деді Бозымбаев.

Ол үш облыс бойынша: Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстары құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат алғанын атап өтті. 

«2018 жылы қараша-желтоқсан айлары кезеңінде «Газқұрылыссервис» компаниясы бірқатар жабдықтар мен материалдарға техникалық және тапсырыс сертификациясын дайындады. Олар техникалық-коммерциялық ұсыныстар әзірлеу үшін әлеуетті өнім берушілерге жіберілген. «Газқұрылыссервис» компаниясы техникалық коммерциялық ұсыныстарға техникалық талдау жүргізуде», - деді министр.

Бозымбаев газ тарату желілері бойынша қазіргі таңда Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктері бірінші кезеңін салудың жобалық -сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) аяқтағанын айтты. 

«Осы әкімдіктер ақпараты бойынша, 2019 жылғы бірінші тоқсанда ЖСҚ бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысын алу күтілуде. Жобалар бойынша ЖСҚ сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін Энергетика және Қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп заңнамаға белгіленген тәртіпте «Сарыарқа» магистралды газ құбыры трассасы бойындағы елдімекендерге газ тарату желілілерін салуды қаржыландыру мәселесін пысықтайтын болады. Осы тапсырма тұрақты бақылануда», - деп сөзін түйіндеді Энергетика министрі.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы