Жастар жылы. Шетелге шықсаңыз «Сарқыт-боксты» ала кетіңіз

11 Сәуір 2019, 08:56
5680
Бөлісу:
Жастар жылы. Шетелге шықсаңыз «Сарқыт-боксты» ала кетіңіз

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандылық студенттер жастар жылында тың идеялар мен креатив ойларын ортаға салып, өзгеше жобаларын жүзеге асыруда. Осындай жобалардың бірі - «Сарқыт-бокс» жобасы. Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері ұсынған жоба туризмді дамытуда кәдеге аспақ.

«Бұл жоба Қазақстаннан тыс жерлерде оқитын, тұратын қазақстандықтарға, сондай-ақ, шетелдік қонақтарға арналып жасалған. Басты мақсат өзге елде жүрген қандастарымызға өзінің туған жерінен сый жасау, елінің ыстық ықыласын жеткізу. Ал, шетелдіктерге осы қорапшалардағы кәдесыйларды сыйлау мен тағамдардан дәм татқызу арқылы біздің мәдениетіміз, дәстүріміз туралы көбірек білетін болады деген ойдамыз», - дейді «Enactus» командасының жетекшісі Сұлтанғали Асан.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері өздерінің жаңа идеяларын іске асыру мақсатында арнайы топ құрып, бірлесе жұмыс істеуде. Топ жетекшісі Сұлтанғали Асанның айтуынша, топтағы әрбір жастың креатив ойлары мен тың жобалары бар. Солардың бірі – «Сарқыт-бокс» жобасы.

«ҚарМУ-дің бірінші курсында оқитын Әділ Ризабеков, Асылхан Байшан, Береке Сақанов, Назым Массаинова, Жанель Жарқынқызы және Фарида Махрамбекова атты студенттер бірігіп, осындай жобаны жасап шығарды. Студенттер «Enactus» тобына іріктелу кезінде өздерінің идеяларын ортаға салып, талқылады. Жастардың айтуынша шетелде жүрген отандастарымыз сәлем-сауқат ретінде көбінесе қазақтың ұлттық тағамдарын сұратып жатады. Сондықтанда, біз ортақ бір қорап, яғни бокс жасап, оны шетелдегі қазақстандықтарға пошта арқылы жіберуді ойластырдық. Пошта арқылы төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне қорапшаны жеткізу қиындық тудырмайтыны белгілі. Ал «сарқыт-боксқа» не салу керектігін біраз уақыт ойланып, отанынан жырақта жүрген қазақстандықтардан сұрастырғаннан кейін шешім қабылдадық», - дейді Сұлтанғали.

Жастар жылы. Шетелге шықсаңыз «Сарқыт-боксты» ала кетіңіз

Сұлтанғалидің айтуынша, бұл жобаны іске асыру барысында біршама қиындықтар да туындаған.

«Боксқа тағамдарды салу кезінде біраз қиындықтар туындады. Халықаралық тасымалдау ережелері бойынша сұйықтықты пошта арқылы басқа елдерге жібере алмайсыз. Сондықтан да қымыз және тағы да басқа сұйық заттарды жіберсек деген ойымыз жүзеге аспады. Қазіргі кезде қорапшаның ішінде қазы, құрт, етке салатын жайма, күріш пен қарақұмық және еліміздің брендіне айналған «Қазақстан» шоколады бар. Боксқа сонымен қатар, кішірейтілген нұсқадағы, көлікке ілуге болатын Қазақстанның «туы», шағын кәдесыйлар – домбыра мен түйешік, тоңазытқышқа жапсыратын магнитиктер мен әшекейлі брелоктарды саламыз. Бұл қорапты тек қазақстандықтарға ғана емес, шетелден келген қонақтарға да біздің еліміз жайлы естілік ретінде сыйлауға болады. Сондай-ақ, өзге елге сапарға шығатын болсаңыз «Сарқыт-боксты» ала кетіңіз. Осы қорапша шетелдіктерге қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін, ұлттық тағамдарын паш етіп, біздің елімізге келуіне септігін тигізер», - дейді С. Асан.

Студенттердің айтуынша, шетелдіктерге арналған қорапшаларда қазақтың дәстүрлері жайлы жазылған ақпараттық парақшаларды салынатын болады. Олар болашақта «сарқыт-боксқа» қазақтың ұлттық киімдерін да салуды жоспарлап отыр. Жастар осы жоба арқылы еліміздегі туризмді дамытуға аздаған болса да үлес қосуды армандайды.

«Жастар жылынан көптеген өзгеріс күтеміз. Стартап жобаларды, бизнес идеяларды іске асыру үшін қолдау ауадай қажет екендігі белгілі. Ендеше бізде өз жобаларымызды жүзеге асырып, жетістікке жетуде барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамыз. Алдағы уақытта жас кәсіпкерлерге көмек көрсету бағытында ұйымдастырылатын мемлекеттік байқауларға қатысып көрмекпіз», - дейді студенттер.

Өзгелердің жаңалығы