Бас жаңалықтар
Сараптамада жіберілген қателер 3 күн ішінде түзетілетін болады
27 Қаңтар 2021, 15:55 265

Сараптамада жіберілген қателер 3 күн ішінде түзетілетін болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің тікелей эфирінде өткен аппарат жиналысында айтылды.

2020 жылы ғылым саласын дамыту мақсатында ҚР Президентінің 4 Жарлығы, ҚР Үкіметінің 20 Қаулысы, Премьер-министрдің 1 Өкімі және Білім және ғылым министрінің 5 Бұйрығы әзірленіп, қабылданды. 

Ғылыми-техникалық сараптамаға қатысты өтінімдерден қателік табылатын болса, ғалымға қайта түзетіп, жіберу үшін 3 күн уақыт беріледі. Бұл - алдағы уақытта ешкім конкурсқа қатысу құқығынан айырылмайды деген сөз. Ұлттық экономика министрінің 70-бұйрығына енгізілген өзгерістер бойынша, жас ғалымдар ғылыми ұйымдардың бірінші басшысын іріктеу конкурстарына қатысу мүмкіндігін алды. Жыл басында 4 ғылыми ұйымның басшыларына конкурс жарияланды, - деп атап өтті Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева.
Жиналыста 2020 жылы Scopus базасының ТОП 10%-на кіретін қазақстандық ғалымдардың мақалалары мен шолулар саны 35%-ға артқаны айтылды. Ал төмен деңгейлі сапасыз журналдардағы мақала үлесі 2,5 есеге азайған. 

Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, алдағы уақытта Мемлекет басшысының Жолдауында және «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған тапсырмаларды орындауға көңіл бөлінеді. 

Соның ішінде жыл сайын 500 ғалымның әлемнің жетекші зерттеу орталықтарынан тағылымдамадан өткізу, жас ғалымдардың зерттеулеріне 1000 грант бөлу, ғылыми-технологиялық бағдарламалық құжат әзірлеуді ерекше атап өтер едім, - деді ол аппарат жиналысында.
Құрманғалиева атап өткендей, ғалымдардың жалақыларын көтеру, ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қолдау пакеттерін әзірлеу – жаңа жылдағы басты мақсаттардың бірі. 

Постдокторантураның нормативтік ұйымдастырушылық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелерін шешу және ғылыми ұйымдар мен ЖОО интеграциясын дамыту, яғни академиялық артықшылық орталықтарының жобалары, ұжымдық пайдаланудағы зертханалар жобасы, бірлескен диссертациялық кеңестер, ғылыми зерттеу институттары жанындағы кафедралар ашу бағытындағы мәселелер басты жолға қойылды. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субьектілерін аккредиттеу талаптарын да күшейтеміз. Маңызды мәселе – ғылыми журналдар сапасын арттыру. Бұл тұрғыдан республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Жуық арада конкурс өткізіліп, ғылыми журналдарға жан-жақты қолдау көрсетіледі, - деді Жанна Құрманғалиева.

Раушан АРМАНҚЫЗЫ


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...