Сарапшылар әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымын заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынады

26 Қазан 2020, 15:33
909
Бөлісу:
Сарапшылар әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымын заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің 17 өңірінің қатысушыларымен өткізілген онлайн-диалог алаңында Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. 

Кездесу барысында әлеуметтік кәсіпкерді анықтайтын нормалар мен өлшемдерді заңнамалық деңгейде енгізу, осы бағытта оқыту іс-шараларын өткізу, жаңа форматтағы бизнесмендерге сыйлық беру арқылы қолдау жөнінде ұсыныстар айтылды.

Алаң аясында табысты әлеуметтік кәсіпкер, «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Эмин Әскеров модератор ретінде сөз сөйледі. Сондай-ақ, «Орталық Азияның Еуразия» қоры өкілі Айгүл Тағатова, «Impact Hub Almaty» құрылтайшысы Индира Шах, Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығының президенті және «Эльдани» қоғамдық қорының директоры Гүлзира Амантұрлина, «Радость» қайырымдылық дүкенінің негізін қалаушы Меруерт Аргимбаева, «Generation» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Владислав Голярко, экология саласындағы әлеуметтік кәсіпкер Мирас Аббасов және басқа да сарапшылар өз ұсыныстарын белсенді түрде білдірді.

Спикерлердің айтуынша, осы саланы дамытудың негізгі проблемалары: әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бірыңғай платформаның болмауы, мемлекет тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлер үшін преференциялардың болмауы, сондай-ақ ақпараттық жария етудің жеткіліксіздігі.    

Айтылған ұсыныстар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары бастамашы болған әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі заң жобасында көрініс табады.                

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш салада пәрменді ұсынымдар әзірлеу үшін осындай диалог алаңдары «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту әлеуетін зерделеу және оны дамытудың негізгі әдістемелерін әзірлеу» зерттеуі аясында, ҚР АҚДМ бастасымен өткізілді.

Өзгелердің жаңалығы