Бас жаңалықтар
Сарапшы адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңға қатысты пікірін білдірді
11 Маусым 2021, 20:28 113

Сарапшы адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңға қатысты пікірін білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Заң ғылымдарының кандидаты, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі Әсел Қазбаева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын Республика Конституциясына сәйкестігіне тексеру қортындысы бойынша Конституциялық кеңес қабылдаған нормативтік қаулыға қатысты пікірін білдірді.

Ол Конституциялық кеңес қараған заң еліміздің Ата Заңына сәйкес екендігін атап өтті.

Әсел Қазбаева қаулыда ескерілген мәселелерге тоқталды.

1) Қолданыстағы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ Заңы «Заң консультантының құпиясы» деген 77-2-баппен толықтырылады, ол қадір-қасиетіне, жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмаушылыққа конституциялық құқықтарды қорғауға кепілдік береді.

2) Заң консультанттары палаталарын республикалық деңгейде бір ұйымға біріктіру. Бұл жаңашылдық олардың қызметін тиімді үйлестіруге және кәсіби қоғамдастықтың мүдделерін заңнамалық деңгейде білдіруге мүмкіндік береді.

3) Адвокаттың біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан өзінің кәсіби міндеттерін орындай алмауы ретінде лицензиардың талабы бойынша адвокатты сот тәртібімен лицензиядан айыру туралы ереже адвокаттар алқасы жүргізген аттестаттау нәтижелері бойынша белгіленген ережемен толықтырылды.

Конституциялық кеңестің адвокатура және заң консультанттары институтын жетілдіруге бағытталған шешімінде қаралған ескертулер мен ұсыныстарды ескерген жөн және дұрыс, - деген пікір білдірді заң ғылымдарының кандидаты Әсел Қазбаева.

Естеріңізге сала кетсек, биыл 4 маусымда Конституциялық кеңес Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Республика Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы өтініші бойынша шешім қабылдады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...