Бас жаңалықтар
Сапарбаев: Жол апаттарының 95% жүргізушілердің кінәсінен болады
24 Қыркүйек 2021, 20:40 736

Сапарбаев: Жол апаттарының 95% жүргізушілердің кінәсінен болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің, құқық қорғау органдары, облыстық департаменттер мен басқармалар, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басшыларының қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша кеңесі өтті.

8 айда обыстағы жол-көлік оқиғаларынан 133 адам қайтыс болса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары. Сондай-ақ, 1000-нан астам адам түрлі дене жарақаттарын алған. Адамдардың өмірі және тағдырымен байланысты бұл көрсеткіштер бізді алаңдатып отыр, - деді аймақ басшысы.

Жоғарыда айтылған жол-көлік оқиғаларының 19 дерегі алкогольдік, есірткілік масаң күйде болғандар, 44 дерегі көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғандар тарапынан орын алған. 

Биылғы 8 айды өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол көлік оқиғаларының өсуі көрсеткіші 4 ауданда және облыс орталығында байқалады.  Атап айтқанда, Тараз қаласында 25%-ға Қордай ауданында 87,2%-ға, Меркі ауданында 20%-ға, Талас ауданында 206%-ға, және Т.Рысқұлов ауданында 136%-ға артқан.

Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары облыс аудандарындағы аталған жағымсыз көрсеткіштің артуын «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомагистралімен байланыстырады. Бұл жолмен күн сайын 8 мыңнан астам көлік өтсе, оның 1 мыңнан астамы – жүк көліктері.

Жол апаттарының 95 пайызы жүргізушілердің  кінәсінен болады, негізгі себеп – жоғары жылдамдық және жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Осыған байланысты деректер жиі тіркелетін түрлі жол аумақтарында ескерту белгісі бар «жылдамдық өлшегіштерді» орнатуды тапсырдым - деді өңір басшысы.

ЖКО-ның өсуін төмендету мақсатында облыс жолдарында «Сергек» кешенін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, ал Тараз қаласында пилоттық режимде 10 «Сергек» кешені іске қосылған.  

Автокөліктер көп жүретін жолдар мен қиылыстарда камералар орнату жүргізушілерді тәртіпке шақыратыны белгілі. Сондай-ақ, камералар орнатылған аумақтарда ЖКО-ның саны айтарлықтай төмендеген. 

Балалардың жол-көлік оқиғалардан зардап шегу мәселесі де  жіті назар аударуды және жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді. Биылғы жылдың 8 айындағы 185 жол-көлік оқиғаларында 13 бала қаза тауып, 213-і жарақат алған.

Жол ережелерін бұзғандар үшін жаза жеңіл болмауы тиіс. Мысалы, ағымдағы жылдың 8 айында түрлі бұзушылықтар жасаған, 717 адам көлік жүргізу құқығынан айырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 адамға артық. Есепті кезеңде 1,4 млрд.теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынған, оның 980 миллион теңгеге жуығы мемлекеттік бюджетке өтелген.

Кеңес барысында облыстық полиция департаментінің басшысы Ж.Сүлейменовтың, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасының бастығы Д.Райымқұловтың, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ өкілдерінің баяндамалары мен нақты ұсыныстары тыңдалды.     

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Әкімдіктердің, құқық қорғау органдарының, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құру және нақты алгоритмге, атап айтқанда қоғамның түрлі топтары арасында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді негізге алатын жол картасын әзірлеу тапсырылды.

Аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ өкілдеріне арнайы тұрақ орындарын, жолайрықтарды, бұрылыстарды құру, «жылдамдық өлшегіштерді», жаяу жүргіншілер жолақтарын, қажетті жол белгілерін орнату бойынша талдау жүргізу және жұмыстарды жеделдету тапсырылды. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алатын жол көлік оқиғаларын азайту үшін білім беру мекемелері жол қозғалысы ережелері мен жолдардағы тәртіптің сақталуына, осы орайдағы жас инспекторлар жасағының маңыздылығына  ерекше назар аударуы тиіс.


Фото: дереккөз
Загрузка...