Бас жаңалықтар
Сапарбаев: Тәрбие – отбасынан басталады
20 Қыркүйек 2020, 09:40 133

Сапарбаев: Тәрбие – отбасынан басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Оған білім беру саласы мен ішкі істер органдарының, прокуратура өкілдері, мектеп директорлары және оқушылардың ата-аналары қатысты.

Мұғалімдердің тамыз конференциясында аймақ басшысы бірінші кезекте шешілуі керек түйінді түйткілдерді атап өткен болатын. Коронавирустық пандемия білім беру жүйесінде айтарлықтай өзгерістер енгізгенімен, бірақ негізгі қағидалар сақталып отыр. Атап айтсақ, баланы қоғамның лайықты азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруда мектеп пен ата-ананың тығыз қарым-қатынасы қашан да өзекті. Әсіресе, жеке тұлға болып қалыптасудағы отбасының рөлі зор.

Аймақ басшысы соңғы кездері жоғары сынып оқушылары арасында топтық төбелестердің жиілеп кеткенін, оның бірі өліммен аяқталғанын атап өтті. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың 38,3% - ға төмендеу көрсеткішіне көңіл марқаймау керек. Мысалы, кәмелетке толмағандар жасаған ауыр қылмыстардың саны 114,2% - ды құрады.

Ұсынылған шаралар туралы сұраққа жауап берген ювеналды полицияның аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов мектептегі бейнекамераларды полиция департаментінің жедел басқару орталығының жүйесіне қосуды және білім беру мекемелерінің аумағында тыйым салынған заттардың тізбесін заңнамалық түрде бекітуді ұсынды.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықова 70-тен астам отырыс өткізілгенін, оның қорытындысы бойынша 47 адам ата-ана құқығынан айырылғанын, 244 отбасы мен 318 бала арнайы қолдау шараларымен қамтылғанын хабарлады. Бұл ретте, білім беру мекемелерінің ювеналды инспекторлармен қамтылу көрсеткіші 52 пайызды ғана құрайды. Бүгінде ішкі істер органдарында 126 жасөспірім есепте тұр десек, оларға қатысты қажетті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова кейбір ата-аналардың балаларына деген жауапсыз көзқарасына назар аударып, олардың тәрбие мәселесін тек мектепке ысырып қоятынына қынжылыс білдірді. Қазіргі таңда көптеген балалар үйлері балаларының болмауына байланысты жабылуда десек, бала отбасында тәрбиеленуі керек деген мемлекеттік саясат күшіне енуде. Қазір облыстың тиісті мекемелерінде 113 бала тәрбиеленуде. Ол кәмелетке толмаған қыздар арасында ерте жүктілік фактілерінің көбеюіне көңіл бөлді.

Облыс әкімі егер балалалардың тұрақты түрде айналысар ешнәрсесі болмаса, онда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары мен басқа да алдын алу шаралары нәтиже бермейтінін атап өтті.

Бұл орайда бос уақыт тиімді өткізу мен тәрбиеге қатысты, спорт секциялары, үйірмеле және қосымша біліммен қамтамасыз ету мәселелеріне ден қою керек. Егер балаға ешкім көңіл бөлмесе, оның бос уақыты және тәрбиесімен ешкім айналыспаса, онда құр түсіндіру жұмыстарынан пайда болмайды, - деді Бердібек Сапарбаев шара қолдануды тапсырып.
Өңір басшысы мектеп түлектерінің қай ЖОО-ға түсетінін, егер оқуға түспесе, қайда жұмысқа орналасқанын бақылап отыруды күшейтуді талап етті. Бердібек Сапарбаев «Шөлдала» тұрғын алабы мен «Жеңіс» саябағындағы төбелеске қатысқан оқушылардың ата-аналарын да тыңдады.
Кәмелетке толмағандардың заңсыз әрекеттері үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қажет. Мұғалімдер баланы тәулік бойы бақылай алмайды. Отбасында ата-ана адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу дағдыларын қалыптастыруы тиіс. Балалары заң бұзған мектептер мен немқұрайлы ата-аналар туралы ашық айту керек. Бүгінгі күні әкелер мен аналар ата-аналар жиналысына жиі қатыспайды, ата-ана мен мектеп арасындағы байланыс үзілуде. Бұған жол бермеген абзал. Біз тәртіптің маңыздылығын ұмыта бастадық, онсыз жаңа ұрпақ тәрбиелеу және құқықтық қоғам құру мүмкін емес, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.


Фото: дереккөз
Загрузка...