Бас жаңалықтар
Сапарбаев пен Сұлтанов көпбалалы аналарды қабылдады
03 Маусым 2019, 17:36 539

Сапарбаев пен Сұлтанов көпбалалы аналарды қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік қорғау министрлігінде көпбалалы аналардың жеке қабылдауын бастады. Әкіммен бірге қабылдауға ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты, деп хабарлады елорда әкімдігінің сайты. 

Үкімет үйінің жанына жиналған 70-ке жуық әйел Мемлекет басшысымен кездесуді талап етті. Олардың басты бұйымтайлары баспанамен қамтамасыз ету. Атап айтқанда, көпбалалы аналар тұрғын үй сатып алу кезіндегі 10%-дық алғашқы жарнаны алып тастау, 2% құрайтын жылдық ипотеканы жою және пәтерді жалдамалы түрде емес, бірден жекешелендіру мүмкіндігін беруді сұрады. 

Аналардың өтінішіне келсек, оларға бұған дейін де жылдам баспаналы болу мүмкіндігі қарастырылған «Баспана» бағдарламасының мән-жайы толық түсіндірілген болатын. 

Сондай-ақ, қала әкімі Бақыт Сұлтанов елордадағы тұрғын үй мәселесіне қатысты түсініктеме берді. 

«Биыл кезекте тұрған астаналықтарға 900 пәтердің кілті (өткен жылы 182 пәтер) табыс етілетін болады. Жыл санап берілетін пәтерлердің санын артыруға тырысамыз. Дегенмен менің де қала басшысы ретінде заңмен шектелетін құқықтарым мен міндеттерім бар. Бәріміз бір заңға бағынамыз. Сонымен қатар, баспана сұрағын шешу мақсатында демеушілерді іздеп, жұмыс істеудеміз», - деді Бақыт Сұлтанов. 

Тағы бір айта кететін жайт, жиналған әйелдердің көбісі бұған дейін әкім және министрдің жеке қабылдауында болған. Және олар үшін  әкімдік пен министрлік тарапынан көрсетілетін қолдау мен мүмкіндіктердің барлығы арнайы кездесу өткізіліп түсіндірілген болатын. 

Айта кетсек, биыл қала әкімдігі көп балалы аналарды қолдауға арналған 13 әлеуметтік шараны әзірледі. Оның ішінде аталған әлеуметтік топ өкілдеріне коммуналдық қызметтің бағасын төмендетуден бастап, көп балалы отбасыларының балаларына, оның ішінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне қоғамдық көлікте тегін жүрі мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ, 1-11 сыныптарда оқитын көпбалалы отбасылардың балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Осы санаттағы 32 мың балаға 971 млн теңге бөлінеді. 

Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар үшін арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады (10 мың балаға 500 млн теңге бөлінеді). Және осы санаттағы отбасы балалары мектеп формасымен және қажетті оқу құралдарымен тегін қамтамасыз етіледі (32 мың балаға 638 млн теңге бөлінеді).


Фото: дереккөз
Загрузка...