Сапарбаев: Коронавирусқа қарсы тұрудың ең тиімді жолы – вакцинация

16 Қыркүйек 2021, 20:50
10120
Бөлісу:
Сапарбаев: Коронавирусқа қарсы тұрудың ең тиімді жолы – вакцинация

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстары қарқынды жалғасуда. 14 қыркүйегінде мәліметке сәйкес 443114 жамбылдық екпе қабылдап үлгерген. Бұл жалпы жоспардағы 582 мың адамның 76,1 пайызын құрайды.

Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппаратық кеңесте айтылды.

Өңірімізде індет жұқтырғандардың көрсеткіші күн санап азайып келеді. Бүгінге дейін тіркелген науқастардың саны 19098-ді құраса, соңғы бір тәулікте 46 адам дерт жұқтырған. Коронавирусқа қарсы тұрудың ең тиімді жолы – вакцинация.  Біз әлі де болса жағдайда жақсарта түсу үшін барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, қарқынды жұмыстарды жалғастыра түсеміз,-деді аймақ басшысы.

Бұдан соң денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндама жасап, ағымдағы ахуалға жан-жақты тоқталып өтті. Оның айтуынша, жұқтырғандар азайып, жазылғандар көрсеткіші артуда. Соған сәйкес, инфекциялық төсек-орын саны 3500-ден 2284-ке дейін қысқарған. Олардың толу жүктемесі 38 пайызды құрайды, яғни, 871 науқас стационарларда ем алуда.

Вакцинация бойынша да тоқталған басқарма басшысы алдыңғы қатардағы көрсеткіштерге Мойынқұм, Меркі, Жуалы аудандары қол жеткізіп отырғанын тілге тиек етті. Ал, Тараз қаласы мен Қордай, Шу аудандарындағы жұмыстарды әлі күшейту керектігі айтылды.

Облыс әкімі вакцинамен қамтылуы деңгейі төмен қала, аудан басшылықтарының, сондай-ақ, бірқатар емханалардың жұмысын сынға алып, жауаптырын тыңдады. Әсіресе, ауылдық округтер бұл мәселеге айрықша атсалысу қажеттігін атап өткен өңір басшысы қыркүйек айының соңына дейін екпе бойынша жоспарды толығымен орындауды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев мектептердегі санитарлық талаптардың сақталуын күшейтудің маңыздылығына назар аудартты. Оқушылар мен мұғалімдердің КВИ жұқтыру қауіптілігін төмендету, алдын-алу шараларын үздіксіз жүргізу секілді мәселелерге айрықша көңіл бөлді.

Басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев сөз алып, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады.

Басқарма басшысы жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары кестеге сәйкес атқарылып, облыстық штабтың тұрақты бақылауына алынғандығын атап өтті.

Нысандардың дайындық барысын зерделеу мақсатында штабтың мүшелерімен 2 жұмыс тобы құрылған.

Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің қаулысымен Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру және бақылау үшін жергілікті штаб құрылған. Жауапты және штаб төрағасы ретінде аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары бекітілген.

Бүгінгі күнге облыс бойынша 340 шақырым жылу желілері, 5 700 шақырым газ желілері, 13 400 шақырым электр желілері мен 5 300 шақырым ауыз су желілерінде дайындық жұмыстары толық аяқталды. Жалпы 387 денсаулық сақтау және 466 мәдениет саласы нысандары жылыту маусымына дайын, ал 782 білім нысанының 5-де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде,- деді Қ. Қорғанбаев.

Ал, облыстағы 444 автономды қазандықтың дайындығы 98 пайыз құрайды десек, қалған 2 пайыз бойынша жылу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде екен.

Қаржы қарастыру кезінде былтырғы кемшіліктер ескерілу керек. Әсіресе, бұл отынның сапасы мен бағасына қатысты. Әлеуметтік нысандар толығымен дайын болуы тиіс. Қажетті қатты отынның қорын қалыптастырыңыздар. Көпқабатты үйлер де барынша дайын болуы керек. Мектептердің бу қазандықтарын толығымен ауданның меншігіне өткізуді, газға ауыстыруды тездетіңіздер. Дебиторлық қарыздарды өтеу бойынша да тиісті шаралар қабылдаңыздар. Бұл мәселелерді апта сайын саралап отырыңыздар. 10 қазанға дейін жылыту маусымына 100 пайыз дайындықты қамтамасыз етуді тапсырамын,- деп түйіндеді облыс әкімі.
Өзгелердің жаңалығы