Сапарбаев: Кабинетте отырып, өздеріңізді үлкен бастық сезінбей, ауылдық округтерге барыңыздар

3 Ақпан 2021, 16:21
2365
Бөлісу:
Сапарбаев: Кабинетте отырып, өздеріңізді үлкен бастық сезінбей, ауылдық округтерге барыңыздар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев кезекті аппараттық кеңесте аудан әкімдерінің саладағы инвестиция тарту бойынша әлсіз жұмыстарын сынға алды. 

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов іске асырылған жобалар мен алдағы жоспарлар, сондай-ақ агросекторға инвестиция салуға кедергі келтіріп отырған мәселелер туралы жан-жақты баяндады.

Қайрат Амановтың айтуынша, 2021-2023 жылдары жалпы сомасы 213,5 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 

Нәтижесінде 1037 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Мал шаруашылығы саласында 7,7 млрд теңгенің алты жобасы, қайта өңдеу саласында – төрт жоба (140,3 млрд), интенсивті бақтар бойынша үш жоба (10,9 млрд), құс шаруашылығы бойынша – үш жоба (30 млрд теңге) әзірленген. 

Бұдан бөлек ірі көкөніс қоймаларын құру бойынша төрт жоба (32,7 млрд теңге), ылғал үнемдеу технологияларын енгізу бойынша үш жоба (920 млн теңге) бар. 

Қайрат Амановтың оң болжамдарына қарамастан, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне агросекторға инвестиция тартуға қатысты көптеген сұрақ жолдады. 

Инвестициялар тарту мен ауылшаруашылық технологияларының жаңа түрлерін енгізіудін маңыздылығын атап өткен облыс әкімі әрбір жобаны мұқият зерделеуді, оны іске асыру барысында инвестордың қандай кедергілерге кез болып жатқанын анықтауды және қолдау көрсетуді тапсырды. 

Бердібек Сапарбаев биыл кем дегенде 34 млрд теңге инвестиция тарту керектігін тілге тиек етіп, тиісті тұлғаларға тапсырма жүктеді. 

Ауыл шаруашылығы саласында инвесторларды тартуға қатысты ахуал ауыз толтырып айтарлықтай емес. Аграрлық өңір үшін 29,5 миллиард теңге инвестиция өте аз. Бізге сала инвесторларына деген жаңаша көзқарас қажет. Бұл басым бағыттардың бірі болуы тиіс, инвесторларды тарту үшін барлық жағдай жасалуы керек, - деді өңір басшысы. 

Ол жеке инвестицияларды тарту әлеуметтік мәселелерді де шешудің тиімді көзі екенін баса айтты. 

Кабинетте отырып, өздеріңізді үлкен бастық сезінбей, ауылдық округтерге барыңыздар, адамдармен кездесіңіздер. Естеріңізде болсын, инвестиция тартуға инвесторлар емес, біз мүдделіміз,  - деді Бердібек Сапарбаев әкімдерге. 

Сонымен қатар облыс әкімі суарудың заманауи технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы