Сапарбаев: қант қызылшасының егіс алқабын қысқартуға болмайды

1 Сәуір 2020, 05:26
1583
Бөлісу:
Сапарбаев: қант қызылшасының егіс алқабын қысқартуға болмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, көктемгі егіс жұмыстарының дайындық барысымен танысып, егін шаруашылығын дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі алдымен аудандағы ірі шаруа қожалықтарының бірі "Аспан агро"-ға ат басын бұрды. Қожалық жетекшісі Саха Манатовтың айтуынша, шаруашылықтың 1500 гектар жері бар. Оның 600 гектары өзінің 200 бас мүйізді ірі қарасына арналған жайылым алқабы. Сондай-ақ шаруа қожалығы өз жылыжайында көкөніс өсірумен айналысуда. Қызылша, жүгері, бидай және алма өсіру ісін де жолға қойған.

"Аспан агро" – мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі. Саха Манатов мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігін алға тартып, лизингке ауыл шаруашылығы техникасын және жыл сайын қызылша өсіру үшін субсидияға қол жеткізіп отырғанын айтты.

Қазіргі 110 гектар жерге қызылша отырғызу жұмыстарын бастап кеттік. Келісімшарт арқылы "Тараз" ӘКК тұқыммен қамтамасыз етуде. Ол үшін тиісті қаржыны өнімді жинағаннан кейін қайтарамыз, – деді ол.
Шаруашылық басшысы қызылшасын ешқайда өткізе алмай қалам ба деп алаңдайтынын жасырмады. Оған себеп қызылша өсірушілер мен Меркі қант зауыты арасындағы мәселенің әлі күнге толық шешілмегендігі болып отыр. Облыс әкімімен кездескен басқа да тәтті түбір өсірушілер осы түйткілді көтерді.

Диқандарға қант қызылшасының егіс алқабын кемітуге болмайды. Меркі қант зауытына қатысты мәселе менің жеке бақылауымда. Зауыт басшылығымен арнайы кесте жасалды. Кесте бойынша олар өз берешектерін толық төлеуге тиіс. Сәуір айының соңына дейін бұл мәселе шешілуі керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы субсидия көлемінің ұлғайғаны туралы тілге тиек етті. Бұл жаңалық байзақтықтарға жігер сыйлап, шаруалар қызылша өсіруді белсенді түрде жалғастыратындарына сендірді. Олар 250 шаруашылықты қамтитын облыстың қызылша өсірушілерінің қауымдастығы құрылатынын жеткізді.
Өзгелердің жаңалығы