Бас жаңалықтар
Сапалы ауызсу. Қарағанды облысында қандай жобалар қолға алынған
24 Шілде 2021, 10:38 333

Сапалы ауызсу. Қарағанды облысында қандай жобалар қолға алынған

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл-аймақты, қала-аудандарды сапалы ауызсумен қамту мәселесі үнемі назарда. Қазіргі таңда өңір бойынша бұл бағытта отыз жоба жүзеге асырылуда. Жобалар аяқталғанда қала тұрғындарының 98, ауыл халқының 90 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылады.

Халықты ауызсумен қамту мақсатында өңірде «Нұрлы жол», «Моноқалаларды дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында сумен жабдықтау, су бұру, су құбырын салу бойынша жобалар қолға алынып, жұмыстар жасалуда. Аймақтағы қала халқының ауызсуға қажеттілігін 2021 жылдың соңына дейін өтеу жоспарлануда. Ол үшін мемлекет бюджетінен 25 миллиард теңге бөлінген.

Ауызсу мәселесі қай уақытта да өзекті. Өкінішке қарай, ауызсу жеткізу кезінде үзілістер болады. Бұл жағдайлар әсіресе жаз айларында жиі қайталанады. Оған себеп тұрғындардың үй жанындағы учаскелердегі бау-бақшаны суаруға ауызсуды қолдануы. Бұған заң жүзінде тыйым салынған. Әрине халықты ауызсумен қамтудағы басты кедергі бұл емес. Елдімекендерге, қалаларға ауызсу жеткізу жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта осы бағытта отыз жоба қолға алынған, - дейді Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыс орталығы Қарағанды қаласындағы су құбырлары жүйесінің сексен пайызы тозған. Қаланың кейбір аудандарындағы үйлерге су құбыры тіпті жүргізілмеген. Осындай мәселелерге байланысты биыл әкімдікпен 3 жоба қолға алынды. Осы жобалардың біреуі бойынша жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Жоба аясында Солнечная көшесінен Западная көшесіне дейінгі су құбыры қайта жөнделеді.

Қазіргі уақытта қызмет көрсетуші «Қарағанды Су» ЖШС бұрыннан бар су желілерін жаңадан салынып жатқан магистралдық құбырға жалғау бойынша жұмыстарды атқаруда. Осыған байланысты қала бойынша су тоқтату жағдайлары орын алуда. «Қарағанды Су» компаниясы әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы халықты су тоқтату бойынша ақпараттармен құлақтандырып отыр, - дейді Ұлантай Үсенов.

Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының тұрғындарына да жақын уақытта сапалы ауызсу жетеді. Он жылға созылған Есқұлы су тартқышының құрылысы аяқталуға жақын. Ал Осакаров ауданының Ералы ауылына ауызсу жеткізу үшін құны 1,7 млрд теңге болатын жоба жасалды. Жобада Ералы және Озерное ауылдарына 44,01 шақырым су жеткізу жүйесінің құрылысы қарастырылып, бюджеттік сұраным салалық министрлікке жолданған. Алдын ала мәліметтер бойынша жоба мақұлданды, жұмыстар келер жылы басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Бұқар Жырау, Шет, Ақтоғай аудандарындағы халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар жобалар қолға алынған.

Бұқар Жырау ауданының Самарқанд ауылындағы су құбырлары жүйесі тозған, оларды қайта жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Биылғы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында желіні жаңарту бойынша құрылыс жұмыстары қолға алынды. Қаржы республикалық бюджет есебінен бөлінген. Екі жылға созылатын жобаның жалпы құны 221,4 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта мердігер компанияны анықтау бойынша конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр. Шет ауданының Ақшатау елдімекенінде 2003-2004 жылдары «Ауыз су» бағдарламасы арқылы су желісі салынған. Өкінішке орай, ұңғымадағы су шығу мөлшерінің аз болуына байланысты ауызсу тұрғындарға кесте бойынша резервуардан беріледі. 2019 жылы біз жерасты суларын бағалау бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргіздік. Алайда ұңғымадағы су шығу мөлшері елдімекен халқының су тұтыну көлемін толықтай өтей алмайтындығы белгілі болды. Сондықтан да аудан әкімдігі елдімекеннен 45 шақырым қашықтықта су мөлшері жеткілікті жерде жаңа ұңғыманы қазу бойынша жобаны қолға алуды ойластыруда. Қазіргі уақытта есептеулер жүргізіліп жатыр. Одан кейін нақты шешім шығарылатын болады. Ақтоғай ауданына қарасты Тораңғылық және Жаңаорталық ауылдарында 2017 жылы су құбыры желісін салу бойын бойынша жоба жүзеге асырылып, ол бойынша 18,8 шақырым жаңа су құбыры салынды, - дейді басқарма басшысы.

Ұлантай Ұсеновтың айтуынша, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдары жұмысындағы басты мәселе. Сондықтанда, қалалық жерлердегі ғана емес ауылдық елдімекендердегі де сумен қамтамасыз ету жұмыстары қатаң бақылауда.


 





Фото: дереккөз
Загрузка...