Сапа мәселесі ерекше бақылауда – Серікқали Брекешев

1 Қараша 2021, 13:45
3256
Бөлісу:
Сапа мәселесі ерекше бақылауда – Серікқали Брекешев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысымен танысу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Батыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сапар барысында министр облыстағы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөнделген және салынып жатқан объектілермен танысты.

Серікқали Брекешев Махамбет ауылында клуб ғимаратында болып, Жымпиты ауылындағы автомобиль жолының құрылысын бақылады.

100 орындық ауылдық клуб нысанының құрылыс жұмыстары 100%-ға орындалды. Оған республикалық бюджеттен 81,9 млн теңге қаражат бөлінген. Ал Сырым ауданы Жымпиты ауылындағы жолдардың құрылыс жұмыстары 90-95 пайызға орындалған. Онда республикалық бюджеттен 148,1 млн теңге қаражат бөлінді. Жолдың ұзындығы 1,5 шақырымды құрайды.

Сондай-ақ министр Киров-Шежін магистральды каналын Орал-Көшім жүйесінен «Үлкен Өзенге» бассейнаралық су жіберу үшін реконструкциялау жобасының құрылыс барысын тексерді.

Объектіге 7 бірлік техника және 10 адамнан тұратын жұмыс бригадасы жұмылдырылған. Су қабылдағыш бойынша дайындық жұмыстары 80% - ға, бөгеттің еңісін бекіту бойынша 80% - ға, пайдалану жолымен біріктірілген бөгетті жөндеу бойынша және кюветті толтыру бойынша 35% - ға дайындық жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру қорытындылары бойынша кеңесте министр Батыс Қазақстан облысындағы жобаның қарқыны туралы мәлімдеді.

Әрине, жоба аясында өңірде көп жұмыс атқарылып жатыр. Бағдарламада 24 перспективалы ауыл қамтылып, бірқатар әлеуметтік сала нысандары жөнделді. Ондаған шақырым жол, электр беру желілері қайта жаңартылды. Сонымен қатар, барлық нысандар белгіленген мерзімде тапсырылғанына назар аудару қажет. Бұл ретте сапа мәселесі ерекше бақылауда болуы тиіс. Сондай-ақ шекаралас ауылдардың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, бағдарламаға қосу мәселесі де өзекті болып табылады, - деді министр.

Жалпы, 3 жыл ішінде өңірде 107,2 км астам жол салынды, қайта жаңартылды және жөнделді. 7,1 км су құбыры желісіне, 11 мектепке, 10 мәдениет және спорт объектісіне күрделі жөндеу жүргізілді. Көшелерді жарықтандыру үшін 6,1 км электр беру желісі салынды.

Айта кетейік, «Ауыл - ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты - ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, оны жаңа өңірлік стандарттарға сай ету.


Өзгелердің жаңалығы