Бас жаңалықтар
Самұрық-Қазына «Цифрлық жаз» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосты
18 Наурыз 2019, 17:21 621

Самұрық-Қазына «Цифрлық жаз» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бағдарламаның осы жылғы негізгі ерекшелігі – тағылымдамадан өтіп, білімін шыңдайтын студенттерге шәкіртақы тағайындалып отыр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихаты барысында «Самұрық – Қазына» АҚ Цифрландыру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев мәлім етті.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында «Цифрлық жаз – 2019» тағылымдама бағдарламасының екінші толқыны басталады. 2018 жылы бастау алған бағдарлама қазақстандық ЖОО студенттеріне Қордың құрамына кіретін компанияларында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама өзінің нәтижелілігін көрсетті. Соның арқасында 72 жас маман тағылымдамадан өтті және оның 33-і жұмысқа қабылданып, қазіргі уақытта Қор компанияларында қызмет атқарып жүр.

Биыл бағдарламаның талаптарына бірқатар өзгеріс енгізіліп отыр. Жиын барысында сөз алған «Самұрық – Қазына» АҚ Цифрландыру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев аталған өзгерістер туралы айтып берді.

«Цифрлық жаз-2019» бағдарламасының өткен жылы нәтижелі болғанын ескере отырып, биыл екінші кезеңін іске қосып жатырмыз. Биыл аталған бағдарламаға бірнеше өзгеріс енгізіліп отыр. Алайда, бағдарламаның негізгі мақсаты, бұрынғыша IT мамандығы бойынша оқып жүрген студенттердің білімін теориялық және практикалық тұрғыда шыңдай түсуге бағытталады. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы білікті қызметкерлерді іріктеуге мүдделі. Ең алғашқы өзгеріс – тағылымдамадан өтетін студенттерге шәкіртақы төленеді», - деп атап өтті Дәурен Керейбаев.

Оның сөзінше, енгізілген тағы бір өзгеріске сәйкес, енді Қордың компаниялар тобында тағылымдамадан өтуге ниет білдірген студенттер үшін 4 деңгейден тұратын іріктеу қарастырылған.

«Жаңа талаптарға сәйкес бакалавриат бағдарламасымен оқитын 3, 4-курс студенттері және магистратураның 1, 2-курсында білім алып жүрген студенттер бағдарламаға қатысуға мүкіндік алады. Айта кету керек, биыл іріктеу кезеңі төрт деңгейден тұрады: бағдарламаның ресми сайтында тіркелу және онлайн IT тест, IT мамандығының бағыты бойынша тапсырманы шешу және қабілеттілікті тексеретін тапсырма. Ақпараттық технологияларға деген қызығушылық және Қор компанияларында ІТ саласының дамуына үлес қосу бағдарламаның негізгі талабы болып саналады», - деп сөзін жалғады спикер.

Тағылымдамаға қатысу үшін кәсіби тәжірибенің болуы міндетті емес. Ақпараттық жүйелер мен инфрақұрылымды әкімшілендіру, жобалық басқару, бағдарламалау, қосымшалар архитектурасы, ақпараттық қауіпсіздік қағидалары саласында негізгі білім қажет.

Жоғарғы оқу орындарын 2019, 2020 жылы бітіретін бакалавр және магистратура студенттері «Цифрлық жаз – 2019» бағдарламасының http://digital-summer.sk.kz ресми сайтына кіріп, өтінім қалдыра алады.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының HR бизнес әріптесі Айнұр Аманжолованың айтуынша, бағдарламаға өтінім беру кезеңі ақпан айының соңында басталды және 7 сәуірге дейін жалғасады.

«Тағылымдама шілденің 17-сі – тамыздың 29-ы аралығында Астана, Алматы, Өскемен, Павлодар және Атырау қалаларында өтеді. Бағдарламаға қатысу үшін студенттер Қордың ресми сайтына кіріп, ақпараттық технологияларға байланысты 20 сұрақтан тұратын тестілеуден өтуі керек. Бұл іріктеуден өткен жастар Қор тобындағы компания өкілдерімен сұхбатқа шақырылады. Үздік танылған үміткерлер тағылымдама бағдарламасының қатысушысы атанады. Айта кеткен жөн, биыл бағдарлама аясында тәлім алушыларға 50 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді», - деп түсіндірді Айнұр Аманжолова.

Оқыту бағдарламасын Қор жетекші ІТ компаниялармен бірлесе әзірледі. Тағылымдамадан өтетін жастар құнды тәжірибе жинап, білім алады. Бұл өз кезегінде, оларға бәсекелестігі жоғары ІТ саласында артықшылыққа ие болып, SAP, Microsoft, Oracle, Cisco, HP, IBM, сондай-ақ Huawei компанияларының өнімдерімен жұмысты шыңдай алады.

Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ

Фото: автордан


Фото: автордан

Сізден жаңалық