Самұрық-Қазына дағдарыс жағдайында жұмыс орындарын сақтайды – Есімов

3 Сәуір 2020, 09:01
2280
Бөлісу:
Самұрық-Қазына дағдарыс жағдайында жұмыс орындарын сақтайды – Есімов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтың айтуынша, компанияның соңғы екі жылда жинаған қаржылай тұрақтылық қоры дағдарыс кезінде бұрынғы қалыпта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ахметжан Есімов бұл туралы дағдарысқа қарсы штабтың онлайн отырысында мәлдеді.

2019 жылы негізгі өндірістік индикаторлар бойынша жоспарлы нәтижелер орындалды. Енді дағдарыс уақытында  жұмыс орындарын сақтап қалуға баса назар бөлу  керек, - деді жиын барысында қор төрағасы Ахметжан Есімов.

Жалпы, штаб отырысында хабарланғандай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" Ұлттық компаниясы оң қаржылай нәтиже көрсеткен. Бұл  дегеніміз, соңғы екі жылда жиналған қаржылай тұрақтылық қоры "Самұрық-Қазына" қорына дағдарыс кезінде бұрынғы режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 

 Соңғы екі жылда Қор сыртқы қарызын мерзімінен бұрын төледі. Сонымен қатар, сыртқы қарызды 8 млрд АҚШ долларға дейін қысқартты. Қазіргі ресми валюта бағамын есепке алсақ, біз валюта бағамына қатысты тәуекелді 1 трлн теңгеге дейін жеткіздік. Бұл біздің компанияларға дағдарыс кезінде штатты кестеде және өндірісті тоқтатпай, жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ұлттық экономиканың  ең негізгі салаларындағы ірі компаниялардың барлығы, атап айтсақ, мұнай, электроэнергетика, уран сияқты саладардағы компаниялар тұрақты жұмыс істеп тұр, - деді Ахметжан Есімов штабтың онлайн отырысында.

Айта кетейік, әлемде таралған коронавирус инфекциясына байланалысты, халықаралық қатынастар тоқтап тұрғаны белгілі. Дегенмен, "Самұрық-Қазына" қорының дағдарысқа қарсы штаб отырысында белгілі болғандай, қазір Қытаймен арадағы теміржол контейнерлерінің тасымалы қайта жандана бастаған. Жуық арада Қытайдан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін Еуропа елдеріне деген транзиттік почта тасымалы да қайта басталады деген болжам бар. Ахметжан Есімов бұл ретте "Қазақтелеком" АҚ желілеріне түскен жұмыс салмағы 30 пайызға көбейгенін атай келе, бұл компания көрсетіп жатқан қызмет көлемін ұлғайып жатқанын көрсетеді дейді.

Негізгі стратегиялық салалардағы, мәселен, энергетика, байланыс, логистика бағытындағы Қордың компаниялары үшін дағдарыс  ең  минималды зиянын тигізуі керек. Ең бастысы – жұмыс орындарын сақтау. Орталық Азиядағы ең ірі жұмыс беруші компаниялардың бірі ретінде Қор бұл міндетті алғашқы қатарлы мақсаттардың бірі деп санайды, - деді Ахметжан Есімов штабтың онлайн отырысында.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының экономиканы тұрақтандыру жөніндегі жарлығын орындау  аясында "Самұрық-Қазына" қоры дағдарыс кезінде қазақстандық компанияларға қолдау білдіру бағытында бірқатар шаралар қолға алды.  Мысалы, Қор сатып алуларға қатысатын отандық тауар өндірушілер үшін мүмкіндіктерді көбейтті. Сонымен қатар, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ компаниясы тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алып отырған 9000 кәсіпкерге жалға алу ақысын ешбір айыппұлсыз 1 маусымға дейін шегерді. Бұл шара жалпы саны 37 мың адамды қамтыған.  Және де "Самұрық-Қазына" қоры  Ішкі істер министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бас-аяғы 6 млн дана жеке қорғану құралын сатып алу үшін қаражат бөлген.

Бірден айта кету керек, Қазақстанда Covid-2019 вирусының өршуіне байланысты, дағдарысқа қарсы штабтың онлайн отырысында Қорға қарасты қоржындық компаниялардың жетекшілері Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке  компанияның қызметкерлері коронавирустан қалай қорғанып жатқаны туралы ақпарат берді. 

Мәселен, Қорға қарасты әрбір қоржындық компанияда төтенше жағдайды басқару жөніндегі штаб құрылған, іс-әрекеттер алгоритмы мен әрекет ету жоспары бекітіліп, кеңседегі қызметкерлердің басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге ауысқан.
Өзгелердің жаңалығы