Самат Смақов: «Ақтөбе» бірде-бір легионерге қарыз емес

13 Мамыр 2019, 15:06
5262
Бөлісу:
Самат Смақов: «Ақтөбе» бірде-бір легионерге қарыз емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ақтөбе» екінші жыл қатарынан премьер-лиганы минуспен бастады. Бұл жолы тіптен 12 ұпай алынып тасталды. Оған себеп клубтың әр жылдардағы футболшылар алдындағы қарызының болуы және оның төленбеуі.

Клуб директоры Самат Смақов өзінің сұхбатында қазір сол қарыздардың 80 пайызынан құтылғанын айтып отыр.

– Самат Қабірұлы, «Ақтөбе» клубының қарыздары не болып жатыр? 

– Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауының арқасында жағымды жаңалықтар бар. Сол кісінің ықпалы жұмысымыз оңалып келеді. Әкім жағдайды өзі жіті бақылап отыр. Қазіргі уақытта клубтың жалпы қарызының 80 % жабылды.  Тағы бір маңызды нәрсе – біз қазіргі уақытта ешбір легионерге қарыз емеспіз. 

– Сонда қай футболшылармен толықтай есептесіп үлгердіңіздер?

– 2016 жылы ойнаған футболшылардан – Аделейе, Митошевич, Неко, Николич, Сорокин, Петролай, Цвейба, және бапкерлік штабтан Уткульбаев, Шрибл, Козко, Нечаев, Деменконың қарыздарынан құтылдық. Ал 2017 жылғы маусымнан – Муарем, Шимкович, Кассиано, Обрадович, Савич, Симович, Нейн, Порье, Колчак, Жуниор және бапкер Муханов келісімшартта көрсетілген қаржыларын алып үлгерді. Сонымен қатар қазақстандық ойыншылар – Айтбаев, Байтана, Шестаков, Жүнісов, Аслан, Розыбакиев, Зенькович, Сидельников бар. 2015 жылы ойнаған Антоновтың да ақшасын төледік. 

– Енді кімнің қарызы қалды?

– Біз енді қазақстандық ойыншылармен есептесуіміз керек. Олардың ішінде Юрий Логвиненко, Марат Хайруллин, Валерий Коробкин және басқа да ойыншылар бар. Жігіттерге сабыр сақтап, түсіністік танытқандарына тағы да рахмет айтамын. Біз бәрімен есептесеміз. Міндетті түрде. 

– Клуб жанкүйерлерін толғандырған тағы бір мәселе – жаңа ойыншы тіркеуге тыйым салыну. Бұл мәселе қашан шешіледі?

– Өздеріңіз білесіздер, біз егер 3 маусымға дейін «банды» алып тастай алсақ, онда еркін агенттерді қатарымызға қоса аламыз. Бұл бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Егер трансферлік «бан» ашылар болса, онда жағдай әлдеқайда жеңілдер еді. Егер ашылмаса, барымызға базар боламыз. Оған қоса бапкерлік штаб пен жігіттер мықты қарсыластарға қарсы терезесі тең өнер көрсете алатындықтарын көрсетті. 

– Биыл команданың алдына қандай міндет қойылды?

– Бізге биылға қойылған тапсырма – қарыздарды толықтай өтеу. Клуб енді еңсесін тіктеп келе жатыр. Қазіргі уақытта біздің қолымыз байлаулы, дегенмен болашаққа сеніммен қараймыз. «Ақтөбе» – үлкен бір отбасы. Өр рух пен жанкүйерлеріміздің керемет қолдауының арқасында барлық қиыншылықтарға төтеп беріп, клубымызды өзі жеткен атақ-даңққа қайта оралта алатыныма сенімім мол.

Өзгелердің жаңалығы